Шекарашылар 31 тонна спирт тиелген екі жүк көлігін ұстады - ҚР ҰҚК

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасы «Қордай» шекара заставасының учаскесінде, мемлекеттік шекарадан 200 метрдей жерден тіркемелері бар МАЗ және КамАЗ екі жүк көлігіне мінген Қазақстанның төрт азаматын ұстады,

деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Жүк көліктерінен жалпы салмағы 31 тонна спирт табылды. Спирт тиелген көліктерді шекарашылар, жеке ферманың аумағында орналасқан резервуарға спирт құйып жатқан кезде ұстады.

Тәркіленген спирттің қандай мақсатқа арналғанын Қордай аудандық қаржы полициясының қызметкерлері анықтауда, олар қазір тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.