Шекарашылар аударылған автобустан жолаушыларды аман алып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шымкент - Алматы» бағытында келе жатқан жолаушылар автобусы «Ақсу» шекара заставасының маңайында апатқа ұшырады, деп қабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Жол шетінде аударылып жатқан автобусты байқаған Тараз шекара отрядына қарасты «Қаратау» заставасының шекарашылары бірінші болып көмекке келді.

Бекет бастығы лейтенант Талапжан Сағадатұлы бір топ әскери қызметшілерді бастап апат орнына жетті. Алғашқылардың бірі болып жедел көмек шақыртты.

Жедел жәрдем көлігі келгенше шекарашылар төңкерілген автобустан жолаушыларды шығарып, оларға алғашқы медеицианалық көмек көрсетті.

Абырой болғанда, аса қатты зардап шеккен ешкім болмады. Жолаушылар жеңіл-желпі дене жарақаттарын алыпты.