Шекарашылар бір тәулікте бірнеше қылмыстың жолын кесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шекарашылары өткен тәулік ішінде заңсыз жолмен тауар өткізбек болған бірнеше азаматтың жолын кесті, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Еліміздің шығысындағы «Қорғас» бақылау-өткізу бекетінің наряды темекі өнімдерін заңсыз өткізуге тырысқан 22 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Темекі өнімдерінің жалпы саны 3 400 қорап болып шықты. Аталған істің материалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабының 1-тармағы бойынша Алматы облысының Панфилов аудандық прокуратурасына берілді. Осы күні еліміздің оңтүстігіндегі «Сыпатай батыр авто» бекетінде 58 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталды. Қазақстаннан көршілес Қырғызстанға кетіп бара жатқан азаматтың заңсыз түрде өткізбек болған жүгі 60 келі дәрі-дәрмек болып шықты. Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары хабарландырылды. Сондай-ақ, Қазақ-ресей шекарасындағы «Құрманғазы авто» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды 11 бас мүйізді ірі қараны шекарадан заңсыз өткізуге әрекеттенген ресейлік екі азаматты ұстады. Екі жүк көлігіне тиеген ірі қаралардың құжаттары дұрыс болмай шықты. Көрсеткен құжаттарының мерзімі өтіп кеткенімен қоймай, оның біраз жері қолмен түзетілгендігі анықталды. Аталған дерек бойынша материалдар Атырау облысының Құрманғазы аудандық ішкі істер бөліміне берілді.