Шекарашылар Қытайдан «Айфон» телефондарын заңсыз алып келмек болғандарды ұстады
12:00, 22 Қазан 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде Шекара қызметінің «Қорғас» бақылау-өткізу бекетінің бақылаушылары контрабандалық жолмен 36 дана ұялы телефондарды алып өтпек болған қазақстандық азаматтарды ұстады, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.
Қазақ-қытай мемлекеттік шекарасының аралығында орналасқан «Шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығынан» елімізге қарай келе жатқан 1993 жылы туған Мақсат есімді азаматты тексеру барысында, оның қол жүгінен жарияланбаған 26 дана «Айфон-6» ұялы телефоны табылды. Келесі оқиға да осы бекетте орын алды. Шекарашылар Жазира есімді 1986 жылы туған азаматшаны ұстап, оның қолжүгін шекаралық тексеру кезінде 10 дана «Айфон-5S» ұялы телефонын анықтады. Аталған деректер бойынша материалдар «Алтынкол» кеден бекетінің қызметкерлеріне берілді.