Шекарашылар Ресейге 20 тонна бензинді жасырып өтпек болған қазақстандықты ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар шекара отрядының «Шарбақты авто» көліктік-шекаралық бақылау бөлімшесі қызметкерлері құжат бойынша мазут деп тіркетіп, Ресейге бензин апара жатқан қазақстандықты ұстады, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.

Павлодар шекара отрядының «Шарбақты авто» көліктік-шекаралық бақылау бөлімшесінде кеше, кешкі сағат 20.22-де елімізден Ресейге қарай цистерна тіркемелі «Дзефанг» автокөлігімен кетіп бара жатқан 49 жастағы қазақстандық азамат ұсталды. Ұсталу себебі - оның жүгі құжат бойынша - 20 тонна мазут деп көрсетілген. Тексеру барысында оның алып бара жатқаны мазут емес, бензин екендігі анықталды.

Ұсталған азамат жүгімен бірге Шарбақты ауылындағы Ішкі істер бөліміне тапсырылды.