Шекарашылар «Тұңғыш Президент күнін» атап өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің барлық бірлестіктерінде, құрамаларында және әскери бөлімдерінде «Тұңғыш Президент күні» мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болып өтті, деп хабарлады ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының орынбасары полковник Мұхтар Сәбидолданов Шекара қызметінің орталық аппаратындағы салтанатты жиналысты аша отырып, «Тұңғыш Президент күні» мерекесінің қысқаша тарихына тоқталып өтті. Сонау 1991 жылы елімізде жалпыхалықтық сайлау өтіп, оның қорытындысы бойынша тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті сайланды. Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, қазіргі уақытқа дейін еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып қалыптасуына үлес қосып келеді.

Бүгінгі мереке кезінде Отан шебін қорғаушылар грамоталармен, алғыс хаттармен, сондай-ақ Шекара қызметінің логотипі бейнеленген бағалы сыйлық - қолсағаттарымен марапатталды. - Елімізде болып жатқан барлық өсіп-өркендеу үрдісі мемлекеттік шекараның сенімді қорғалуына байланысты екендігі сөзсіз. Шекараның ойдағыдай қорғалуына ең алдымен мемлекет басшысы үлкен көңіл бөлуде, Президент тапсырмасын орындау мақсатында біз шекара шебін жаңғыртып, оның пәрменділігін арттыру үстіндеміз, - деді Шекара ведомствосы директорының орынбасары.