Шекарашылар Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алатын болды
Намыс пен ерліктің, абырой мен даңқтың белгісі болып табылатын туларды шекара ведомствосы басшысының қолынан подполковниктер Мұхтар Қанабеков пен Санат Жұмановтар алды.
Аталған салтанатқа Ақтау қаласының, облыстық және Бейнеу аудандық әкімдіктерінің, «Нұр Отан» партиясының өкілдері қатысты.
«Жауынгерлік ту дегеніміз әскери бөлімнің тарихы мен ерлік жолын паш ететін қасиетті белгісі болып табылады, - деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов өз сөзінде. - Осы тудың астында тұрып сарбаздар мен сардарлар, генералдар еліміздің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын жан аямай қорғайтын болады».
Осы күні Бейнеу шекара отрядында шекарашыларға 48 пәтердің кілті тапсырылғаны да ерекше атап өтерлік оқиға. Осылайша 4 үй пайдалануға берілді. Енді «Батыс» өңірлік басқармасының шекарашылары Жаңа жылды жаңа пәтерлерде қарсы алатын болады. Сақшылардың өздері де мұны мереке қарсаңындағы ең тамаша сыйлық ретінде атап айтуда.
Осы орайда, келесі жылы екі үйдің пайдалануға берілетіндігін, осылайша Бейнеу шекара отрядындағы әскери қызметшілердің жүз пайызы тұрғын үймен қамтылатындығын айта кету керек.
Шен таққан қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету дегеніміз - Елбасы жолдауының іске асып жатқандығының басты көрінісі болып табылады.
Шекара қызметі осылайша тұрғын үй соғу мен жөндеудің екпінін арттырып отыр, мұндай бағыт келесі жылы да төмендемек емес.
Офицерлер мен келісімшарт қызметкерлерінің жайлы да сәнді пәтерлермен қамтамасыз етілуі күннен-күнге арта түсуде. Шен таққан қызметкерлер жанға жайлы барлық жағдайы жасалған әскери қалашықтарда отбасыларымен бірге тұруда.
Шекара қызметі әскери қалашықтар соғуда дамыған елдердің тәжірибесін батыл қолдануда. Мұнда әскери бөлімдерге қажетті барлық жағдайлар, оның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың болуы қатаң сақталатын болады. Сонда ғана шекарашы еліміздің қай түкпірінде қызмет атқарса да, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан ешқандай кемшілік көрмейтін болады.
Еліміздің бас шекарашысы пәтер кілттерін тапсыра тұрып, шекарашылар мен олардың отбасы мүшелерін жаңа қоныстарымен құттықтады, оларға мықты денсаулық пен бақыт, қызметтеріне табыс тіледі.