Шекарашыларды алдап соққысы келген Ресей азаматының қулығы әшкере болды

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Ауыл авто» шекаралық бақылау отрядына қарасты «Семей» өткізу бекетінің шекарашылары прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып, ірі көлемдегі бензинді тәркіледі.

Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Соңғы уақыттары кейбір азаматтардың мазут атын жамылып бензин өткізуге тырысатындығы жасырын емес. Осы жолы да көршілес елдің азаматы аталған әдісті қолданып көрмек болды. Бірақ 1978 жылғы Ресей Федерациясының Алексей есімді азаматы бұл қулығын мемлекеттік шекара сақшыларынан асыра алмады, тіркемесі бар «DAF» автомобиліндегі 40 тоннадан астам жанармай әшкере болды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.