Шекарашылардың қаруынан ажал құшқан баланың ісіне қатысты сот отырысы жалғасуда

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент гарнизоны әскери сотында шекарашылардың қаруынан ажал құшқан баланың ісіне қатысты сот отырысы жалғасуда. Қызылорда облысындағы 2019 шекара отрядында болған қайғылы жағдайға себепкер болған 5 шекарашы сот алдында жауап беруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі Шымкент гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Айта кетейік, оқыс жағдай осы жылдың 8-ші ақпан күні болған еді. Ойын баласы әкесінің қызметтік қаруынан ажал құшқан. Осы оқиғаға қатысы бар бес шекарашының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеуге іліккен бес шекарашының  ішінен тек  аға лейтенант Рахымжан Түзелов қана қамауға алынды. Өзгелері ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.
 

Осы іс қаралып жатқан Шымкент гарнизоны әскери сотында қайғылы оқиғаның қалай болғаны айтылды. Тергеу барысында анықталғандай, сол күні  әскери қызметкерлер мемлекеттік  шекараны күзету жөнінде бұйрық алып, қару-жарақтарымен шығып кеткен. Алайда олар бұйрыққа бағынбай, өз беттерінше бекетті қараусыз қалдырыпты. Атап айтқанда, аға лейтенант Рахымжан Түзеловтің бұйрығымен барлығы кіші сержант Ермахановтың үйіне барған. Үйдің бір бөлмесіне  төрт Калашников қаруы мен қызметтік тапаншаны қалдырып, өз шаруаларымен шығып кетеді. Осы кезде кіші сержанттың перзенттері қарумен ойнап отырып, бірі екіншісін атып тастаған. Оқ тиген бала сол жерде тіл тартпай кеткен. Осы жағдайдан кейін бес шекарашының үстінен Қылмыстық кодекстің 445 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзу» және 462 «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» баптарымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілген.
  

Сотта қамауға алынған шекарашы әйелінің қатты ауырып қалуына байланысты, мемлекеттік шекараны қараусыз қалдырғанын айтты. Сотта айыпталып отырған шекарашылар өз кінәларын мойындап отыр. Істі қараған судья Жамиля Төленова ендігі отырыс ертең болатынын мәлімдеді.