Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков лагерьге келудегі негізгі үш мақсат жайлы айтты.
«Парламент Мәжілісінде әскерилерге қатысты түрлі заңдар қабылданып жатады, сол себепті әскерилерге қатысты дұрыс заңдар қабылдансын, әскерилердің тіршілігін өз көзімізбен көрейік деген мақсатпен, екіншіден, қазір жастар әскерге барғысы келмейді. Соның себебін білу, мүмкін әскери ортада оларға, ата-аналарына үрей тудыратын мәселелер бар ма, соны зерттеу мақсатында келдік. Үшіншіден, әскерилердің материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі, олардың тамақтануы, киім-кешегі, басқа да мәселелерін білуге келдік», - дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі жастар материалдық құндылықтарды көп ойлайды.
«Қазір жастар әскерге барғысы келмейді. Олардан «Әскерге неге бармайсың?» деп сұрасаң, «Әскер маған не береді?» деп өзіңе сұрақ қояды. Яғни, оларға жеке бастың пайдасы болмаса, әскерге де барғысы келмейді. Яғни, қазір олар материалдық құндылықты көп ойлайды. Сол себепті жастар арасында әскери патриоттық тәрбиеге үлкен көңіл бөліп, оны жүйелі түрде қолға алуымыз керек деп ойлаймын», - дейді депутат Олжас Құспеков.
Халық қалаулысы Максим Рожин 40 жасқа келген, кабинеттен шықпаған азаматтарға мұнда жас жігіттерге ілесіп, әскери дайындықтан өту оңайға соқпайтынын айтты.
«Намысқа салып тырысып жатырмыз. Себебі бұл азаматтар күнделікті физикалық, тактикалық, теориялық дайындықтан өтеді. Біздің мақсат – олардың әскери өмірі қалай өтіп жатыр, қандай мәселелері бар, соларды білу үшін келдік. Мұнда осы лагерьден бөлек, «Алма-Арасан» шекара бөлімшесі бар. Біз оның да өмірімен таныстық. Жалпы, мемлекет тарапынан елдің қорғаныс саласына үлкен көңіл бөлінген дұрыс деп ойлаймын. Себебі уақыт талабы солай. Алдағы уақытта біз осында көрген, білген, жазып алған мәселелерді Мәжілісте міндетті түрде көтеретін боламыз», - дейді Максим Рожин.
Депутат өзінің офицерлік «лейтенант» шенін қалай алғанын айтты.
«Мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқып бітірдім. Онда әскери кафедрада оқыдым. Сонда әскери ант қабылдап, әскери жиынға қатыстым. Осылайша «запастағы лейтенант» атандым. Мен негізі мотоатқышпын. Әріптесім Самат Нұртаза да университет қабырғасында жүріп, әскери кафедраны бітірген. Ол да «лейтенант», - деді депутат.
Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза шекарашылардың жалақысы аз екенін айтты. «Шекарашылардың жалақысын көтеру керек деген пікірім бар. Олар мемлекет тарапынан жақсы жалақы алуға лайықты. Себебі бүгінгі әлемде жағдай тыныш емес. Бұл ретте шекарашылардың рөлі жоғары. Құдай бетін ары қылсын, егер жау келсе, олармен алғаш кездесетін шекарашылар. Иә, біздің шекарашылардың жағдайы көрші қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік елдерінің сарбаздарынан әлдеқайда жақсы, дегенмен арқаны кеңге салып қоюға болмайды, әлі даму керек. Сондай-ақ мен Қазақстанның әрбір шекара бөлімшесінде дрон болуы қажет деп ойлаймын. Өкінішке қарай, алыс шекара бөлімшелерінде дрон жоқ. Сондықтан өз басым Парламентте дрон мәселесін көтергелі отырмын», - деді Самат Нұртаза.
Ол сондай-ақ болашақ шекарашыларды да қолдаған жөн екенін айтты.
«Мұнда 2003 жылы туған жас жігіттер жүр. Көздерінде оты бар патриот азаматтар. Оларды қолдау керек. Себебі олар қолдарын сілтеп, осы абыройлы қызметтен бас тартып кетсе, мысалы, бизнеске немесе басқа салаға кетіп қалса, мына байтақ жерді кім қорғайды? Білуімше, еліміздің шекарасының ұзындығы – 15 мың шақырым. Оны 40 мың шекарашы қорғайды. Менің ойымша, бұл шекарашылардың саны әлі аз. Сондықтан мәселелер бар. Біз 4 депутат қазір осындай мәселелерді жинап жатырмыз. Оларды қыркүйек айында Мәжілісте көтереміз. Себебі біз сарбаздардың алдында уәде бердік, оларды орындаймыз», - деді депутат.
Самат Нұртазаның айтуынша, алдағы күндері Максим Рожин екеуі Жамбыл облысымен шектесетін Қырғызстан шекарасына, Олжас Құспеков пен Болат Керімбеков Жетісу облысымен шектесетін Қытай шекарасына жолға шығады.
Айта кетейік, депутаттардың әскери дайындығы 16-31 шілде аралығына жоспарланған. Алғашқы бес күнде олар далада оқу-жаттығудан өтіп, ҰҚК Шекара академиясының курсанттарымен бірге практикалық жаттығуларға қатысады. Қалған күндері екі топқа бөлініп, Қытай мен Қырғызстан шекараларына барып, шекара бөлімшелерінің, шекаралық бақылау басқармаларының, бақылау-өткізу бекеттерінің және т.б жұмысын зерттейтін болады.
Әскери қызметшілермен бірге шекара наряды, бақылау-өткізу пункттеріндегі тексерулерге, тактикалық дайындық және т.б. қатысады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Алматы облысының таулы аймағындағы лагерьде шекарашылармен бірге дайындықтан өтіп жатқанын жазған едік. Кейін депутаттар әскерилердің күн тәртібі туралы ой бөлісті.