Шекарашыларға тас лақтырған контрабандашылар оқиға орнынан із суытпақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз шекара бөлімінің «Сыпатай батыр» шекара бекетінің қызметкерлері халық тұтынатын тауарларды Қырғызстаннан Қазақстанға өткізіп жатқан алты азаматты құрықтады. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлайды.

Контрабандашылар тобы «Фольксваген Пассат» көлігімен 1,5 центнерге жуық жүкті заңсыз алып өтпек болған. Олар шекарашыларға тас лақтырып, оқиға орнынан із суытуға тырысқан. Шекарашылар ескерту ретінде аспанға оқ атқан. Ұсталған екі тұлға Қазақстанның азаматтары болып шықты. Қалған заң бұзушылар көрші елдің аумағына қашып үлгерді.

Жүгі бар көлік шекара бекетіне жеткізілді. ҚР ӘҚБК 391-1 бабына сәйкес заңбұзушылық орын алды деген алдын ала тұжырым жасалды.

Осы күні Орал шекара отрядының «Шаған авто» өткізу пунктінің қызметкерлері 20 келіге жуық бекіре тұқымдас балықтар тиелген көлігімен 65 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Ол «ГАЗ-33021» машинасымен Қазақстаннан Ресей Федерациясына бағыт алып бара жатқан.

Бұл туралы ақпарат құқық қорғау органдарына жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізілуде.