***
Бұрынырақта жекелеген фирмалар, кәсіпорындар мен компаниялардың банкротқа түскендігін естіп жататынбыз. Ал енді бүкіл бір елдің, жеке мемлекеттің осындай жағдайға ұрынуы да әбден мүмкін екендігі 2008 жылы Америкада басталып кеткен үлкен дағдарыс кезінде анық байқалды. Қазіргі еуроаймақтың тізесін дірілдетіп тұрған дағдарыс алдындағы жағдай осындай тұңғиыққа бірінші болып осы өңірдегі Грекияның батуы мүмкін екендігі туралы болжам жасауға берік негіз қалап отыр. Егер Грекия Еуроодақтың, Еуропалық орталық банк пен Халықаралық валюта қорының қойған қатал талаптарына мойынсұнбайтын болса, онда оған 130 миллиард еуроны құрайтын қарыз беруден бас тартылады. Мұндай жағдайда алдымыздағы наурыз айының 20-сы күні Грекия өзін әлемдік қауымдастық алдында дефолт деп жариялауы тиіс. Грекия неліктен наурыздың 20-сы күні өзін әлемдік қауымдастық алдында дефолт деп жариялауы тиіс екендігін білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Грекия тұңғиығы» деген тақырыптағы мақаланы оқыңыз.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, өткен жылы Павлодар облыстық мәслихатының бұрынғы тексеру комиссиясы таратылып, облыстық тексеру комиссиясы атты жаңа департамент құрылды. Департамент құрыла салысымен жұмыстарын кабинеттеріне қымбат жиһаздар мен кілемдер тасудан бастапты. Бұл жайында «Жұмысты жиһаз» ауыстырудан бастады» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған «Жұмыс орнымыз бір қабатта орналасқандықтан, таңырқай қарап жүрдік. Жаңа пәтер алып төсек-орын, тоңазытқыш, теледидар, шкаф, кілем сияқты дүниелер керек болғандай көрініс. Ал, «Президент» деп аталатын үстелдер, орындықтар, шкафтар, киім ілгіш, телефон қойғыш, теледидар тумбасы дейсіз бе, бәленбай түрлі жарқыраған жиһаздар жиынтығын облыс орталығындағы «Ника Инвест Инжиринг» серіктестігі жасап шығарыпты. Бір орындығының өзі 20-30 мың теңге тұратын көрінеді. Қабылдау бөлмесінде соңғы үлгідегі компьютерлік жабдықтар, типографияда газет басып шығаратын құрал-жабдықтар сияқты бірінен бірі өтеді», - деп жазады басылым.
***
«Елге көршілерден келіп жатқан азық-түлік өнімдері қауіп төндіріп тұр. Мәселен, қарапайым «Семки» шекілдеуігі құрамынан қалайы табылса, «Потеха» атты туысынан кадмийдің кәдімгідей көп мөлшері анықталды», - деп жазады «Айқын» газеті «Шекілдеуік шақтың ба, бойға сырқат таптың ба?» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, денсаулыққа зиян келтіретін бұл тектес өнімдерді санитарлық эпидемиялық бақылау мамандары дереу дүкен сөресінен аластатып үлгерді. Дегенмен, тауар тұтынғанда, сақтық керек-ақ.
Қоғам тілі бойынша екіге жарылуы мүмкін. Тіл жанашырлары бұрыннан айтқан бұл қауіп шындыққа айналып жатқандай. Қос шатырлы Парламенттегі депутаттардың дұрыс аударылмауы кесірінен бір заңның жобасын қазақ жіне орыс тілдерінде әртүрлі түсінетіндігі кеше ашық айтылды. Өйткені заң орыс тілінде жазылады, ал оны мемлекеттік тілге тәржімалауға шектеулі уақыт бөлінетіндігінен, бір заң бабының екі тілде әртүрлі мағынаға ие болуы жиі кездесе бастаған. Оны Әділет министрлігінің кешегі алқа отырысында сенатор Серік Ақылбай өз мәлімдемесін нақты мысалмен өрнектепті. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ел қайда? Екі тілді заңнан не пайда?» деген тақырыптағы мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Е.Қазыханов Мемлекет басшысын министрліктің ағымдағы қызметі туралы және ведомство алдына қойылған міндеттерді іске асыру барысы жайлы хабардар етті. Сондай-ақ Сыртқы істер министрі Президентке Бельгия мен АҚШ-қа сапарының қорытындылары туралы баяндады. Өз кезегінде Мемлекет басшысы таяу келешектегі сыртқы саяси басымдықтар жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.