Бұл туралы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қу заманның құрығы алқымнан алып тұрса да, бейқамдықтан арыла алмағандар арамызда әлі де бар ғой. Солардың көбісі еліміздегі жұмыссыздардың қатарын көбейтіп тұр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы осы жағдайды ескеріп, осыдан төрт жыл бұрын «Жан жылуы» деп аталатын әлеуметтік тележурнал ашты. Хабардың бірнеше айдары бар. Солардың бірі «Үміт оты» деп аталады. Еліміздің түкпір-түкпірінде, әсіресе, шалғайда жатқан ауыл-аймақтарда ерекше талант иелері бар. Жай таланттылар емес, өзгеше тағдыры бар, өмірдің бар қиындығын көріп,қайтпас қайсарлықпен жетістікке жетіп жүрген адамдар. Өмір үшін күн сайын күресіп, күдер үзбеген мүгедек адамдарға апта басында Астана қаласында «Жан шуақ» деп аталатын сыйлық табыс етілді. Бұл - жыл сайын өтетін дәстүрлі шара. Игі бастаманы қолға алған Қазақстанның мүгедектер конфедерациясы. Жүлделі болғандардың қатарында биыл «Жан жылуы» бағдарламасы да бар. Ақпараттық қолдау көрсетіп, мүгедек адамдардың жеткен жетістіктерін ел алдына шығарып, елеп-ескергендеріңіз үшін деп алғыс айтты. Жанын жаралаған қатал тағдырына мойымай, өмірді шексіз сүйетін ерекше адамдардың шын жүрегімен ұсынған осы алғыс хаты ұжым мүшелері үшін алтынға бергісіз бағалы жүлде. Өйткені, көрерменнің бағасынан артық сыйлық жоқ екені белгілі. «Жан жылуының» негізгі мақсаты да сол емес пе? Қашан да жылаған жүректерді жұбатып, құлағанды демеп, қуанғанның қасынан табылу. Бір жылды қорытындылайтын болсақ - «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Жан жылуы» тележурналының септігімен өлім мен өмір арасында жатқан төрт адамға шетелдерде ота жасалып, сәтті шықты. Ата-анасынан айырылып, балалар үйіне тап болған бес бүлдіршінді көгілдір экраннан көріп, өз баласындай бауырына басып, тәрбиелеп өсіруге ниетті ата-аналар табылды. Түсірілімнен кейін, назарға ілігіп, әкімдіктер үй беріп, қоныс тойын тойлағандар да бар. Бұл - Ұлттық арнаның ұлттың әлеуметіне қосып келе жатқан сүбелі еңбегі екені даусыз.