Шемонаихада жауыр болған жылу мәселесі шешілді - ШҚО

АСТАНА. ҚазАқпарат - ШҚО әкімі Даниал Ахметов Шемонаиха ауданына жасаған жұмыс сапарында Усть-Таловка ауылындағы жылу қазандығының жайымен танысты. Айта кету керек, жылу беру нысаны тек аталмыш елдімекенді емес, сонымен қатар аудан орталығы мен өндірістік ғимараттарды да қамтып отыр, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.


Мұндағы жылу желілері 2009 жылдан бері жөні түзу жөндеу көрмеген еді. «Шығыс-Энерго» ЖШС қарамағына өткеннен кейін ғана жағдайы оңала бастады. Кәсіпорын өз қаражатына қазандыққа жөндеу жүргізіп, бір ғана жылумен қамту жолдарының 6 учаскесін жаңарту үшін 68 миллион теңге жұмсады. 

«Шемонаихада жылдар бойы қордаланған мәселе шешімін тапты. Енді басқа да жағдайларға, мәселен жаңа тұрғын үй салу ісін қолға аламыз. Бұл ретте біз инженерлік инфрақұрылым желісін тартуға қаржы бөлеміз, сондай-ақ, бюджет саласында қызмет етіп жатқан мұғалімдер мен дәрігерлердің де пәтер алу жолдарын қарастырамыз», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. 

Аймақ басшысы жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, тұрғындар жазда да ыстық сумен қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.