Шенеуніктер шаңғы тепті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада жоғары лауазымды тұлғалардың бір тобы спортқа көңіл бөлді. Шаңғы жарысын қызықтауға келген көрермендер әдетте галстук тағып жүретін шенеуніктерді бүгін спорт киімінде көрді.

Құрметті қонақ ретінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Өмірзақ Шөкеев шақыртылған. Жоғары лауазымды тұлғалар жұрт қатарлы сапқа тұрып, жарысқа шықты. Ерлер жағы 1 шақырымды жүріп өтсе, әйелдер тобынан құрылған шаңғышылар 500 метр қашықтықта бақ сынады.

Сайысты ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Астана дипломатиялық корпусына қызмет көрсету жөніндегі басқарма» АҚ ұйымдастырып отыр. Ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жарысқа қатысуға 60-қа жуық адамның тілек білдіргенін айтты. Сыртқы істер министрі жарысқа қатысқан елшілерге алғыс айтып, бұл іс арқылы арадағы ынтымақтастық одан әрі дами түсетініне үміт білдірді, деп хабарлайды 24.kz.