«Шенеуніктер шікіреймейтін болады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Елдегі саяси тұрақтылықтың басты факторларының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясы екендігі жақсы мәлім. Бүгін Ас­та­надағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақ­стан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» тақырыбындағы ХІХ сессиясы өткізіледі. Осы алқалы жиын қарсаңында, кеше «Егемен Қазақстан» газеті Ассамблея мү­ше­лерінің бір тобының қатысуымен дөң­ге­лек үстел басындағы әңгіме өткізді. Осы жайт арқау болған мақала басылымда «Бәріміз біргеміз, сондықтан берік іргеміз» деген тақырыппен жарияланды. Жиын барысында сөз алған «Вайнах» Алматы облыстық чешен-ингуш қоғамдық-мәдени бірлес­тігі­нің құрметті төрағасы Атсалим Идигов: «Ұлтым шешен болса да, мен өзімді нағыз қазақпын деп санаймын. Өйткені, менің туып-өскен жерім - Қазақ­стан. Бізде кейбіреулер «бірінші Отаным, екінші Отаным» деп айту­ға құмар. Ол, меніңше, дұ­рыс емес. Отан деген адамның өзі туып-өскен жері. Осылай айтатын болсақ, біздің бәріміздің Отанымыз қазақтың қасиетті жері - Қазақстан. Одан басқа Отан бізде жоқ», - дейді.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында академик Әбдімәлік Нысанбаевпен арадағы сұхбат «Ұлт руханияты мен мәдениеті, игілігі үшін еңбектенген адам өмірден шаршамайды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген академик. «Халық жадында жаңғырып, оның күнделікті өмірімен астасып, сабақтасып отырмайтын тарих - өлі тарих. Жансыз тарих жер бетінен жоғалған халықтарда ғана болады. бұрын қазақ елінің тарихы, қазақ халқының жүріп өткен ұлы тарихи жолы құр деректер тізбегі түрінде самарқау баяндалып келсе, бүгінгі талап басқа. Біз осы тарихымызды ұлттық және стратегиялық мүдде тұрғысынан халқымыздың ізгілікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз саяси процесс ретіндегі, ұлт-азаттық күрес түріндегі қасіретінен сабақ алып, қайта жазып шығуымыз керек», - дейді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Мемлекеттік басқару академиясының білім алушылары болашақта бүкіләлемдік білім беру бағдарламасы негізінде оқытылады. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттардың ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылған. «Демек, шенеуніктеріміз шікіреймейтін болады. Өйткені шетелдегі шенеуніктер қашанда сыпайы, сіз деп сызылып  тұрады. Ал бізде ше? Мемлекеттік қызметтегі орта буын кадрлардың өз өздерін жарты әлемнің билеушісіндей сезінеді. Сұрағыңызға жауап беруге ерінеді», - деп жазады басылым. Мақала «Шенеуніктер шікіреймейтін болады» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» компаниясының басшылығын қабылдады. Қазақстан Президенті еліміз үшін өте қиын жылдары Қа­зақ­стан­ға келген «Шеврон» компа­ния­сымен табысты ынтымақ­тас­тық орнағанын атап өтті. «Біз өндіру көлемін одан әрі ұлғайту ниетінде болуымыз керек. Соны­мен қатар, компания қазақ­стан­дық мазмұ­н­мен айналысуда, жұ­мыс­шылар­дың 80 пайызы Қа­зақ­стан азамат­тары. Сіздердің тап­сы­рыста­ры­ңыз­дың арқасында отан­дық кә­сіп­орындарда жаңа жұ­мыс орын­­дары ашылуда. Қа­зіргі уақытта Қазақстанда ма­ңы­зы үлкен ин­дустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы іске асы­ры­лу­да. Біз үш ірі мұнай нысаны - Теңіз, Қашаған және Қарашы­ға­нақ кәсіпорындар құру, өз кен орындарында қызмет көр­сету үшін осы бағдарламаға белсенді қатысуы тиіс деп есептейміз»,  - деді Н.Назарбаев.