Шенеуніктердің көліктері арнайы қызмет арқылы сатып алынады - Қаржы министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта мемлекеттік мүлікке тауар мен қызметтерді сатып алудың орталықтандырылған қызметтерін құру жоспарланған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың айтуынша, аталған қызметтер арқылы шеуніктердің қызметтік көліктері де сатып алынады. «Алдағы уақытта тауар мен қызметтерді ғана емес, көлік құралдарын да орталықтандырылған жүйеге келтіру жоспарланып отыр. Енді, аталған мәселе заңда ашық жазылмаса да, тиісті ережелерге сілтеме беріледі. Ал ережелерде біз көлік құралдарын орталықтандырылған жүйемен сатып алу міндетін нақты жазып қоямыз. Бұрын ондай жүйе болмаған. Заң жобасы сатып алудың орталықтандырылған қызметтерін құруды көздейді. Қаржы министрлігі болса, тауар мен қызметтерден бөлек, көлік құралдарын да аталған қызметтер арқылы сатып алуға ден қояды», - деді Р.Бекетаев журналистерге берген сұxбатында.

Айта кетейік, бүгін вице-министр Руслан Бекетаев мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алулар кезінде демпингке қарсы норма енгізіледі. Қазіргі кезде осы салада тауар мен қызметтерді «бір қолдан» сатып алу мәселесі ушығып тұр.