Шенеунікті бопсалаған: БҚО-да блогердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облысында блогер Айболат Бөкеновтің ұсталғаны туралы мәліметке ресми түсінік берді.
— ҰҚК көрсетілген тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп жазылған комитеттің Kazinform сауалына берген жауабында.
Айта кету керек, бір апта бұрын әлеуметтік желіде танымал блогер Айболат Бөкеновты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысындағы департаменті қамауға алғаны туралы мәлімет тараған.
Бейресми ақпаратта блогер жергілікті шенеуніктердің бірінен бопсалап ақша алғаны айтылған еді. ҰҚК жауабында да аталған адам «Бопсалау» бабы бойынша тергеуге алынды делінген.
Оның кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша 4 жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін өзін блогермін деп таныстырған ақтөбелік сотталғаны жазған едік.