«Шертпе күй» республикалық дәстүрлі байқауының жеңімпаздары марапатталды
Жарыстың басты мақсаты – дарынды жас домбырашыларды анықтау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, сондай-ақ ұлттық мәдениетті дамыту. Бірнеше күнге созылған фестивальде 16 мен 35 жас аралығындағы 45 күйші бақ сынады.
«Қазақтың шертпе күйі – ұлттық музыкамыздың ең құнарлы қазынасы. Оның тарихы, дәстүрі сонау көне замандардан бастау алады. Жалпы, қазір дәстүрлі күй мен домбыраның насихаты, оған деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Мысалы, бүгінгі таңда тек «Artsport» бағдарламасы шеңберінде 643 домбыра үйірмесі жұмыс істейді, оған 26 мыңнан астам бала қатысып жатыр. Бұл күй өнеріне деген ерекше ықыласты көрсетсе керек. Сол сияқты арнайы музыкалық мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында домбыра үйренушілер жылдан-жылға көбейіп келеді. Біз әрі қарай да қазақтың ұлттық дәстүрлі музыка өнерін дамытуға бағытталған игі іс-шараларды жалғастыра береміз», - деп атап өтті Дәурен Абаев марапаттау салтанатында.
Сонымен, байқау нәтижесі бойынша Мадияр Сүлейменов бас жүлде иегері атанып, 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.
Үшінші орынды Тұрсынбек Ілияс, Бекет Бексұлтан, Жарқыннұр Ержанат иеленіп, әрқайсысы 300 мың теңгеден алды.
Ал, Мәуетбек Лунара мен Нұржан Ілиясов «Үміт» арнайы дипломымен марапатталды. Жанту Дадабаев, Саматова Айымгүл, Тілеубек Інжу, Тоқтаров Дастан, Талапхан Ерболат фестивальдің дипломанттары атанып, арнайы ақшалай сыйақы иеленді.