Шерзат соты: жарыссөзде сотталушылар соңғы сөзін айтып жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз өтіп жатыр.
Бүгін жарыссөзде айыпталушылар соңғы сөзін айтып жатыр. Олардың арасында бірінші болып Дархан Әскентай сөз алды.
— Құрметті сот, менің сол жерде болғаным және досыма хабарласқаным рас. Мен Нұрболды кек алу мақсатында шақырмадым. Істеген іс-әрекетім және бейнематериалды қарасаңыз, мен ешкімге қол көтермедім, ешкімді теппедім және қолымда пышақ болмады. Мен Нұрболды шақырғаныма өкінемін. Жазым жағдай болып, төбелес болып кететінін кім білген. Осы оқиғаға себепші болған жәбірленуші Қаржаубай бірінші Шерзатқа мен туралы жалған ақпарат беріп және екінші балалар келгенде агрессия танытпағанда мұндай төбелес болмас еді. Бұл жерде төбелес бастаған, адамдар тобын құрған және пышақ пен қару дайындаған Қаржаубайға ҚР Заңымен маған тағайындалған 293-баптың 3-тармағын тағайындауыңызды сұраймын, — деді Дархан Әскентай.
Айыпталушылар арасында екінші болып соттағы соңғы сөзін Равиль Сәкиев айтты.
— Мен сотқа дейінгі тергеу барысында да, сот барысында да Нұрқанатқа 2-3 мәрте аяқпен соққы жасағанымды мойындағанмын. Сол үшін Кадирова Жұмабике ападан кешірім сұраймын. Құрметті сот, мен айыптау актісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі, 99-бап 2-бөлігі 7, 9-тармақтары бойынша айыпталып отырмын. Мен Нұрқанат Ғайыпбаевқа соққы жасағанымды мойындаймын және ол үшін шын жүректен өкінемін. Ол айыпты (99-бап) маған қандай дәлелдермен тағып отырғанын білмеймін. Нұрқанат бірінші берген жауабында маған пышақты Азамат салды деген. Екіншісінде Нұрқияс салды деген. Ол менімен беттестіру кезінде мені 2017 жылдан бері танимын деп айтқан. Ол мені біреумен шатастырып алуы мүмкін емес. Мен беттестіруде Нұрқанат Ғайыпбаевқа мылтық жайлы айтқан кезде, ол «пышақты сен салды» деп айтам деді. Құрметті сот, мен пышақ салсам, ондай ауыр қылмыс істесем, «жүр полицияға барайық» деп айтпас едім. Менің қолымда пышақ болған жоқ. Бейнебақылауда көргендеріңіздей мен онымен (Н.Ғайыпбаев) сөйлесіп тұрмын. Сол кезде арт жағында төбелес басталды. Мен мылтық атылған кезде ашуланып, оны 2-3 мәрте тептім. Ол үшін кешірім сұраймын және шын жүректен өкінемін. Сол беттестіруге дейін маған ешқандай айып тақпай, содан кейін мені айтып кетті. Қаржаубай мырза сотқа келіп шындығын айтты, «мен көрген жоқпын» деді. Мен ол айыппен келіспеймін, тек өзім істеген істі мойындаймын. Менің іс-әрекетімді ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен қарауды сұраймын, — деді Равиль Сәкиев.
Еске салайық, кеше прокурор 7-23 жыл арасында жаза сұрады.
Сонымен қатар прокурор куәгер қыздардың іс-әрекетін қайта тексеруді алға тартты.
Ал сотталушының адвокаты Шерзаттың әкесіне қатысты іс қозғауды өтінді.