Шерзод Давлатов дзюдодан әлем чемпионатында жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан дзюдодан ересектер арасында әлем чемпионатында қазақстандық Шерзод Давлатов (60 келі) жартылай финалға шықты.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Отандасымыз жарыстың бұл сатысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, франциялық Ромен Валадье-Пикарды қапы қалдырып кетті.

Енді ол жартылай финалда әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері жапониялық Руджу Нагаямамен кездеседі.

Айта кетсек, бүгін ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева (48 келі) мен Аман Бақытжан (60 келі) жарыстың түрлі сатысында қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Әлем чемпионатында енді 5-12 қазан аралығында ерлер құрамасы сапында Нұрқанат Серікбаев пен Асылжан Жұбатқанов (66 келі), Есет Қуанов пен Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Жалғас Қайролла мен Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Данил Крылов (90 келі) татамиге шығады.

Ал әйелдерде Эсмигүл Куюлова (63 келі), Аруна Жангелдина (78 келі), Ақерке Рамазанова мен Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.