Соған орай бүгін «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі Астанада сталиндік қатал саясаттың құрбандарын еске алуға арналған жиын ұйымдастырды.
Кеңес Үкіметі таулықтар неміс-фашист шапқыншылығына қолдау көрсетті деген жалған желеуді алға тартып, 1944 жылы шешендер мен ингуштарды жаппай жер аудара бастады. Бірақ неміс жауынгерлерінің аяғы Қап тауына ешқашан басып көрген емес те еді.
«Оның жекелеген топтарды емес, тұтас халықты көшіруге тырысуы ұлтқа қарсы қасақана және алдын ала ойластырылған солақай саясат болғандығын білдіреді», - дейді Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Салман Героев.
«Ел азаматтары, ерлері сол кездері майданда болатын. Тылдағы әйелдер, қарттар және балалар жер аударылды. Оларға жиналуға тек 20-30 минут уақыт берілді. Үйлері, бақшалары, мал-жаны сол арада қала берді. 180-ге тарта эшелон адам, Солтүстік Кавказ таулары арқылы, Ресейдің жазығымен Солтүстік Қазақстан өңірлеріне жол тартты. 1 айдан астам уақыт жүріп келген халықтың жартысы аштан, шөлден және аурудан жол бойында қырылды», - деді С. Героев.
Қуғын-сүргін жылдарында 478 479 шешен мен ингуш жер аударылған. Оның 280 770-ы аштан, аурудан көз жұмған.
«Егер жергілікті қазақ халқының меймандостықпен қолұшын беруі болмағанда олардың саны одан да көптеп саналар еді. Қазақ халқы соңғы тілім нанын үзіп беріп, өз үйіне кіргізді. Соның арқасында келген шешендер мен ингуштардың жартысы тірі қалды. Қазақ халқының ұлысқа көрсеткен дарқандығы, бауырмалдылығы біздің жадымызда», - деді ол.
Оның айтуынша, тау халқының ризашылық белгісі ретінде Ингушетия астанасы Назран қаласындағы бірқатар көшелер Дінмұхамед Қонаевтың, Олжас Сүлейменовтың аттарымен аталған. «Грозныйда Нұрсұлтан Назарбаевтың атында тұтас бір даңғылдың аты бар», - деп ағынан жарылды Салман Героев.
«Бұдан алпыс жылдан астам бұрын Кавказдан жер аударылған шешен және ингуш отбасылары қазақ даласынан бақытын тапты. Қазіргі уақытта олар басқа ұлттар мен ұлыстар секілді тең құқылы, тыныш қоғамда өмір сүруде. Бұл мемлекетіміздің басшысы Н. Назарбаевтің сарабдал саясатының жемісі. Кеудесінен итермей,, шарапатына бөлей білген құт-мекенім - Қазақстанға вайнахтардың атынан рахмет айтқым келеді. Жеріңде туған батыр ұлдарың мен қыздарыңның даңқын асқақтатуға және вайнахтарға көрсеткен дарқандығыңды ұрпақтан ұрпаққа ұмыттырмай жеткізуге уәде береміз», - деп атап көрсетті С. Героев.