Шешенстандағы жалаңбас әйелдер нысанаға алынуда

None
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат - Шешен басшысы шешен әйелдеріне бастарына орамал салып жүруді міндеттеп, жарлық шығарды. Соның нәтижесінде Шешенстанның ресейшіл президенті Рамзан Қадыров «барлық әйел азаматшалар жұмыста бастарына орамал салып жүрсін, олай болмаған жағдайда жұмыстан қуылады», - деген. Сондай-ақ, Рамзан Қадыров «Мен мұсылманмын және оның барлық дәстүр, шарттарын сыйлап, құрметтеймін» деп жарлықта атап көрсеткен, деп жазады интернет басылымдар.

Биылғы жылдың басына Сауд Арабиясында қажылық сапарда болып келген Рамзан Қадыров: «Грозныйда шешен әйелдерінің тар джинси шалбар мен тізеден жоғары келетін қысқа көйлек, юбка киіп алғандарын көргенде есімнен танып қала жаздадым», - дейді.

Осы жарлық негізінде Ресейдің Шешенстан аймағындағы көптеген әйелдер Рамазан айы кезінде орамалсыз жүргені үшін шабуылға тап болған. Тұрғындар мен оқиғаға куә болғандардың айтуынша, мұсылманша киінген сақалды ер адамдар көшеде жалаңбас жүрген қыз-келіншектерді орамал салуға мәжбүрлеген. 38 жастағы Марха Атабаева "Рейтерс" агенттігіне берген сұқбатында өзінің Грозныйда шабуылға тап болған ондаған әйелдің бірі екенін айтқан. Ал, жалаңбас әйелдерге талап қойып жүрген азаматтардың бірі ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында жүздеген әйелге ескерту жасалғандығын мәлім етті. Журналистердің қойған сауалдарына Шешенстанның мәскеушіл жетекшісі Рамзан Қадыровтың өкілі бұл туралы ақпарат айтудан бас тартып отыр.