ОРАЛ. KAZINFORM - БҚО ПД Тасқала аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің инспекторлары аудан тұрғыны Людмила Садықоваға азаматтық алуға көмектесті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Людмила Ғабибқызы 1993 жылғы ақпанда Шешенстандағы соғыста жарақат алып, Қазақстанға көшіп келген.
Шешенстаннан растайтын құжаттар қажет болғандықтан, Л.Садықова ұзақ уақыт бойы Қазақстан азаматтығын ала алмаған.
«Полиция қызметкерлері Л.Садықованың азаматтығы жоқ адам ретінде танылуы үшін құжаттар жинауға қолұшын берді. Көп жылдар бойы ол азаматтығы жоқ адамның төлқұжаты бойынша өмір сүрді. Полиция жағдайға түсіністікпен қарады. Тасқала ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкері, полиция майоры Ғалым Әбілқайыров құжаттарды алуға көмектесті. Жеке басын растау үшін қажетті өтініштер жіберілді. Нәтижесінде Людмила Садықова арада 31 жыл өткен соң Қазақстан азаматтығын және көптен күткен құжаттарын алды» деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).