Шет елде жүрген Қазақстан азаматтарының 11 мыңға жуығы дауыс берді - ҚР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шет елде жүрген Қазақстан азаматтарының 11 мыңға жуығы дауыс берді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігі Әкімшілік және бақылау департаментінің директоры Қайрат Саржанов мәлім етті.

«Еліміздің барша халқы сияқты Қазақстанның шет елдерде жүрген азаматтары да Президент сайлауына белсенді қатысуда. Шет елдердегі мекемелеріміздің жанынан құрылған 65 учаскелік сайлау комиссияларының мәліметіне сәйкес, сайлаушылардың саны 20822 адамды құрайды. Сағат 17.00-дегі жағдайға сәйкес, 10861 отандасымыз дауыс берді», - деді ол.

Қ.Саржановтың атап өтуінше, бұл шет елдердегі сайлаушылардың 52 пайызын құрайды.