Шет елде жүргенде жерімізді, тілімізді, туымызды мақтан тұтамыз - акробат-гимнаст

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Тәуелсіздігіміздің құрдасы Әділет Тиқанов Алматы циркінің әртісі. Жас акробат-гимнаст түрлі халықаралық фестивальдерге қатысып, Қазақстанның мақтанышына айналды. Ол барша отандастарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, алдағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Әділет, ең алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

- Мен 1991 жылы 21 қыркүйекте Павлодар қаласында дүниеге келдім. 1999 жылы Алматы облысына көшіп келдік. Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылында орналасқан мектепте оқыдым. Бала күнімде ағам сияқты полиция болуды армандадым. Ол кісінің мен үшін орны бөлек. Себебі, ағам мені тәрбиелеп, өсірді. Кейін жоғары сыныпқа көшкенде би, брейк-данс, паркур, көше акробатикасына қызықтым. Менің достарым Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің цирк бөліміне оқуға түсті. Соларға қарап қызықтым менің де сол оқуға түскім келді. Кейін арманым орындалып цирк колледжінің студенті атандым.

- Сіз үшін Тәуелсіздік деген не?

- Мен өзімді осы Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Себебі, көп нәрсе өзгерді. Біз үлкен дамудың куәсі болдық. Біздің керемет астанамыз бар. Мен әлемнің жартысын аралап көрдім, сонда байқағаным біздің Қазақстан дамыған елдерден еш кем емес. Менің ойымша, экономикамен қатар біздің мәдениетіміз де жақсы дамып, өркендеп келеді.

Жастарға үлкен қолдау бар, жас ұрпақтың көптеген мүмкіндіктері бар. Балалар - ұлт болашағы, біздің Үкімет оларға ең алдымен қамқорлық жасайды!

- Отбасын құрдыңыз ба?

- Иә. Әйелім екеуміз бір жерде жұмыс істейміз.Темірлан есімді бес жасар ұлымыз бар. Ұлымды өзім жаттықтырамын. Ол бізбен бірге «Central Asia Got Talent» таланттар шоуына қатысты. Егер ұлым болашақта басқа мамандық таңдаса, мен оны міндетті түрде қолдаймын. Алайда, ол маған ұқсағысы келетінін айтады.

- Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Мен цирк әртісімін және оны мақтан тұтамын. Әлемнің жартысын аралап түрлі цирк фестиваліне қатыстым. Қазақстаның атынан мақтанышпен шығамын. Қоржынымызда «алтын», «күміс» және «қола» гран-при бар. Әр түрлі елдерден арнайы сыйлықтар алдық. Қытай, Украина елдеріндегі «Central Asia’s Got Talent» телевизиялық таланттар шоуына қатыстық. Қаңтар айында British Got Talent британдық таланттар байқауына қатысуды жоспарлап отырмыз. Алда көптеген мақсат мен жаңа армандар бар!

- Цирк әртісі болу үшін қандай қасиет қажет?

- Біріншіден, бұл цирк өнеріне деген сүйіспеншілік. Кез келген цирк әртісі өз өнерінің жанкүйері. Біз өнер адамдарымыз және өз кәсібімізге адалмыз. Цирк әртісі болу оңай шаруа емес. Ол шыдамдылық пен ептілікті қажет етеді. Әрине, нәтижеге жету үшін көп жұмыс істеу қажет. Әрдайым формада болу керек. Ұйқы, тамақ және жаттығулар біз үшін ажырамас ұғым.

- Қазақстаның болашағын қалай елестетесіз?

- Тәуелсіздік қазақ халқына қанат жайуға мүмкіндік берді, дамуға серпін берді. Біз шетелде жүргенде жерімізді, тілімізді, туымызды мақтан тұтамыз. Алдағы онжылдықта мен Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көремін. Біз бұған бірлескен күш-жігермен келеміз. Бұл жерде біздің жастарымыз, соның ішінде біз де ерекше рөл атқарамыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Мықты денсаулық пен үлкен жетістіктер тілеймін!

Жастардың міндеті - тәуелсіздігімізді сақтау және мызғымас құндылықтарымызды балаларға жеткізу.

- Әңгімеңізге рахмет!