Шет елдерде әлі де 7 миллионға жуық қандасымыз жүр - Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы

Фото:
Болжамға сай, шет мемлекеттерде әлі де 7 миллионға жуық қандасымыз жүр. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы Асылбек Байжұмаұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының құрылғанына 32 жыл болды. Мақсат – шартарапқа шашылып кеткен қазақтың басын қосайық, елімізге әкелейік деген ниетпен құрылған қауымдастық. Бүгінгі күні үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Қазіргі күннің өзінде миллионнан астам қандасымыз келді, олар өсіп-өніп 3-4 миллионға жетіп қалды. Оралған қандастарымыздың барлығы осы жақтан білім алды, тиісінше әр салада жемісті еңбек етіп жатыр», - деді Асылбек Байжұмаұлы.

Оның айтуынша, қоғамдық кеңесте әлі де шет елде жүрген, елге қайтуға ниетті этникалық қазақтарды қайтару бойынша өзекті мәселелер қаралады.

«Шет мемлекеттердегі қандастарға елімізді насихаттау арқылы олардың көшіп келуіне жағдай жасаумыз керек. Шекарадан өту, ыхтиярхат, оқу, жұмыс және тағы да басқа маңызды мәселелер бар. Осы мәселелердің шешімін бірлесе іздеу үшін қоғамдық кеңесті құрған жайымыз бар», - деп түсіндірді Асылбек Байжұмаұлы.

Ол атап өткендей, бүгінде бірнеше миллион этникалық қазақ шет мемлекеттерде тұрып жатыр.

«Болжам бойынша, шет мемлекеттерде әлі де 7 миллионға жуық қандасымыз жүр. Олар әсіресе Қытай, Моңғолия, Ресей, Еуропа, Иранда шоғырланған», - деп деректер келтірде Асылбек Байжұмаұлы.