Шет елдерде білімдерін жетілдіріп келген С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттері есеп берді

None
АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат - Кеше, желтоқсанның 3-і күні Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде үстіміздегі жылы Франция, Германия, Голландия, Австрия, Швеция және Чехияда теориялық және практикалық тәлімдемеден өтіп келген студенттердің есеп беру жиыны өтті,

деп хабарлады ҚазАқпаратқа оқу орнының баспасөз қызметінен.                        

Мәселен, Германияның Экономикалық ықпалдастық және даму министрлігі мен Германияның техникалық ықпалдастық жөніндегі қоғамдастығының қолдауымен, үстіміздегі жылғы сәуірдің 25-інен бастап университеттің 11 студенті Вайенштефан қолданбалы ғылымдар университетіне қарасты фермерлік шаруашылықтарда алты айлық тәжірибеден өтіп келген. Сондай-ақ осы елде, ЛОГО Фермерлер одағының (Шығыс Еуропадағы ауыл шаруашылығы мен экологиялық тепе-теңдік) халықаралық бағдарламасы бойынша тағы 17 студент тәлімдемеден өтті.

Университеттің халықаралық ықпалдастық бөлімінің бастығы Сара Қытайбекованың айтуынша, Францияның Анже Жоғары ауыл шаруашылық мектебінің фермерлік шаруашылықтарына студенттер 2006 жылдан бері барады. Ағымдағы жылы тәжірибе жинақтауға жіберілгендердің саны - 5, тағы екі жас аталмыш мектептің магистратурасында білім алуға жолдама алды.

Ал Қытай Халық Республикасының Шынжаң аграрлық университетінде оқу практикасын өтіп келген 9 студент, университеттің ғылыми орталығында шұғылданған ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті.

«2010 жылдың жазында студенттерімізді Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің ауыл шаруашылық кешендеріне және Польшадағы әріптес-жоғары оқу орындарының эксперименттік стансыларына жібермекпіз. Ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарында білім алып, қазіргі нарықтық экономика мәселелерін жіті меңгерген жастарымыз бүгінде мемлекеттік органдарда, банктарда, ірі ауыл шаруашылық құрылымдарда, шетелдік фирмалар мен бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істеуде», - деді ол.