Шет елдердегі қазақ диаспораларының балалары Астанада қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиадаға қатысуда

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Астана қаласында «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен X халықаралық олимпиадасы өтуде.

Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ диаспораларының 100-ге тарта мектеп оқушылары қатысуда. Олимпиаданы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы шет мемлекеттерде тұратын отандастарды қолдау туралы мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізуде.

«Ана тілді қасиет тұтпаған жерде тәуелсіздігіміз ешқашан баянды бола алмайды. Осы мақсатта біз шетелдегі қандастарымыздың арасында қазақтың тілі мен әдебиетінен жыл сайын емтихан өткізуді дәстүрге айналдырдық. Әлемнің әр түкіпірінен небір дүл-дүл, шешен, тілін қасиет тұтқан, атажұртым - Қазақстан деп таныған балалар келіп қатысып жатады», - деді шараның салтанатты ашылу рәсімі барысында Олимпиаданың қазылар алқасының құрметті төрағасы, филология ғылымдарының докторы, академик, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы.

Оның айтуынша, олимпиаданың жүлдегері атанған жастар жоғары оқу орындарында білім алып, атажұртының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Дәстүрлі олимпиадаға он жыл ішінде жүздеген мектеп оқушылары елордадан бастап, қасиетті қазақ жерінің он өңірінде болды.

Ережеге сәйкес олимпиадаға 9-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Қатысушы-мемлекеттердің әрбір командасы 6 оқушы мен 1 жетекшіден құралуы тиіс.