Шетел асқан білікті мамандарды қайтару үшін не істеу керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Билефельд университетінің профессоры Томас Файтс өзге мемлекетке кеткен білікті мамандарды қайтару бойынша кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Эмиграция (елден көшіп кету) орта елдерде ғана емес, дамыған мемлекеттерде де байқалатын үрдіс. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары Тайвань жастары АҚШ-та медицина бойынша білім алып, сонда қалған еді. Бірақ, 1970 жылдары білікті дәрігерлер отанына оралды. Германия да бірнеше жыл бұрын жоғары білімді азаматтардың АҚШ-қа көшіп жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Бірақ, Федералдық институт жүргізген зерттеу нәтижесінде АҚШ-қа кеткендердің 80% бес жылда қайта оралғанын білдік. Яғни, бұл мәселе мұқият зерттеуді қажет етеді. Ақылды азаматтардың шетел асып кетуі деп айтуға ерте», -  деді профессор Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Миграция: жаңа үрдістер мен бағыттар» дөңгелек үстелінде.

Профессордың айтуынша, шетел асқан білікті мамандардың қайтып оралуы мемлекеттің өзіне байланысты. Ол үшін мамандарға жағдай жасап, еңбек талаптарын барынша ыңғайлы етуі керек.

«Мұнда білікті мамандардың айналымы (Циркуляция мозгов) мәселесі де бар. Мәселен, канадалық дәрігерлер жайлы өмір іздеп, АҚШ-қа көшеді. Олардың  орнын оңтүстікафрикалық дәрігерлер басады. Оңтүстік Африкаға Малавиден дәрігерлер ауысады. Ал Малавидегі дәрігерлер орнына ешкім бармайды. Яғни, дамыған елдер кеткен мамандар орнын оп-оңай толықтырады. Ал жағдайы төмен елдер маман дайындап, оларды сыртқа жіберіп, шығынға ұшырайды. Ең бастысы, мемлекеттер осы тізбекте қай орында тұрғанын анықтауы керек», - деді Томас Файтс.

Айта кетейік, ертең Астанада Конрад Аденауэр қордың Қазақстандағы өкілдігі мен Қазақстан халқы ассамблеясы «Қазақстан мен Германияның интеграциялық саясаты. Салыстырмалы сараптама» тақырыбында халықаралық конференция өткізеді.