Шетел банктерінің келуінен тұтынушы пайда көруі керек – қаржы сарапшысы
«Банк – қаржылық делдал. Банктер біздің нарықты өте жақсы біледі. Елімізге келетін шетелдік банктер тек корпоративтік несиелендіруде өз орнын таба алады. Егер ірі банктер болса және олар елдерде болатын қаржы тәуекелдерін қабылдауға дайын болса, онда Қазақстанда жұмыс істесін», - деді Расул Рысмамбетов агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Одан әрі маман шетелден келетін банктердің жұмыс істеу механизмдері туралы айтып берді.
«Бұл дегеніміз Қазақстан нарығына 3 банк жай ғана келеді деген сөз емес. Менің түсінгенім, олар «Береке» банктің немесе Жусан банктің белгілі үлесін сатып алады. Қазақстанда кем дегенде 2-3 банкті сатуға дайындап жатқанын білемін және бұл Президенттің айтқанымен сәйкес келеді. Біздің банктер бәсекелестікке төтеп бере алады. Бұған күмәнім жоқ, кез келген жағдайда тұтынушы одан пайда көруі керек, менің ойымша, солай болады да», - дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы бизнес үшін есеп беруді жеңілдету мәселесін көтерді.
«Мен өзім жеке секторданмын. Әр тоқсан сайын бухгалтерияға біресе мына форма, келесі жолы басқа формамен толтыр деп талап етеді. Сонымен қатар есеп формасының ішінде бос бағандар көп. Ол мәліметтердің бәрі өңделеді, талданады, бұл кәсіпорындардың тиімділігін анықтау үшін қажет. Бірақ салықтарды басқару тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, бизнес үшін де өте қиын. Сондықтан қағаз толтыруды азайтып, электронды форматқа көшкіміз келеді. Алайда менімше, бұл жерде проблема бар, елімізде деректерді өңдеу орталықтары жетіспейді. Осы орайда біз цифрлық экономикаға бет бұрамыз десек, деректерді өңдеу орталықтарын көбірек ашып, жалпы процесті жеңілдету қажет. Кейбір банктер микро және шағын бизнес үшін есепті тез толтырудың қарапайым жолына көшті. Осыған байланысты салық органдарының әрекетін күтеміз», - деп толықтырды Расул Рысмамбетов.