Шетел фильмдерін қазақ тіліне дубляждауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық фильмдерге қарастырылатын қаражатты бөлудің жаңа тәсілдері қарастырылып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында кинематография және мәдениет мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетел анимациялық фильмдерін және отбасылық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды мемлекеттік қолдау қарастырылған. Оларды іріктеу тәртібі мен критерийлері анықталды», - деді Д. Абаев.

Сонымен қатар ол елімізде фильм түсіруге субсидия алуға үміткер халықаралық киностудияларға қойылатын талаптар жеңілдетілетінін айтты.

«Қолданыстағы механизмге сәйкес, инвестордың минималды жарнасы 130 мың АЕК болуы керек. Бұл шамамен 850 мың АҚШ долларын құрайды. Өз аумағында халықаралық киножобаларды сәтті жүзеге асыру тәжірибесі жоқ мемлекет үшін мұндай көрсеткіш тым жоғары. Осы орайда, «Кинематография туралы» заңның 15-ші бабынан Қазақстан Республикасының аумағындағы фильм өндірісіне салынатын қаражаттың төменгі шегі сөзі алынып тасталады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ұлттық фильмдерге қарастырылатын қаражатты бөлудің жаңа тәсілдері ұсынылады. Яғни 70 пайызы тарихи, патриоттық және имидждік жобаларға, 30 пайызды жеке киножобаларды қосалқы қаржыландыруға ескерілген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.