Ел экономикасына құйылған инвестиция көлемі 5 жылда 18 трлн теңгеге жетті

Фото: Фото: Виктор Врублевский/Яндекс Карта

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазақстанның ұлттық экономикасына құйылып жатқан шетелдік инвестициялардың ағыны соңғы жылдары үдей түскен. Статистикалық деректер тікелей шетелдік салымдармен қоса, жалпы инвестициялар ағыны еліміздің қоржынында ұлғайғанын тіркеп отыр. Бұл оң көрсеткіш шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның ТМД елдері арасында ең тартымды мемлекет екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Ал бұл тарапта орнықты дамып келе жатқан Ертіс-Баян өңірі қандай рөл атқарып отыр? Осы орайда тұрақты өсімді қамтамасыз етуге ұмтылған отандық экономиканың әлеуеті мен Павлодар облысының инвестициялық маңызын таразылап көрдік.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2019-2022 жылдары ел экономикасына жалпы сомасы 93,6 млрд доллар шетелдік тікелей инвестиция тартылып, оның 49,9 млрд доллардан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі болған.

Инвестиция көлемі соңғы 5 жылда 143,5%-ға, яғни 12,6 трлн теңгеден 18 трлн теңгеге өсті.

Тек өткен жылы ел экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы жиыны 23,4 млрд долларды құрап, нәтижесінде Қазақстан IMD — Әлемдік бәсекеге қабілет рейтингінде бірден 6 тармаққа көтеріліп, 37-орынға жайғасты. 

2019-2023 жылдар аралығында ұлттық экономикаға құйылған тікелей шетелдік салымдар 117 млрд долларға жеткені мәлім болды.

Ал Павлодар облысы былтыр Қазақстанның орнықты дамып келе жатқан өңірлерінің қатарында қала беретінін байқатып, соңғы бес 5 жылда негізгі капиталға шамамен 3,3 трлн теңге инвестиция тартылғанын әйгіледі. Демек, облыс экономикасының инвестиция көлемі 31%-ға ұлғайды (2019 ж. — 494,6 млрд теңге; 2020 ж.- 487,2 млрд теңге; 2021 ж. — 571,9 млрд теңге; 2022 ж. — 742,8 млрд теңге; 2023 ж. — 964,8 млрд теңге.).

Биыл өңір шамамен 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартады деген болжам жасалып отыр. Қазірдің өзінде негізгі капиталға салынған салым көлемі 247 млрд теңгеге жеткен.

Фото: primeminister.kz

Өткен жылдың қорытындысында өңдеу секторының көлемі бойынша еліміздегі үздік төрттікке еніп, жалпы құны 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді. Бұған қоса облыс көлік саласында бірнеше жыл қатарынан көшбасшы атанып келеді. Нақтырақ айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың сапалы өмір сүру деңгейін қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалуда.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, инвестицияның еселенуіне еліміздің 83 елмен визасыз режим орнатуы үлкен сеп болып отыр. Бұл ерекшелік бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдетіп, еш кедергісіз дамуға және өзге компаниялармен тәжірибе алмасуға ықпал етіп жатыр.

2022 жылы елімізде жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылғаны белгілі. Қазіргі уақытта пулда 704 жоба бар және олардың жалпы құны 32,08 трлн теңгеге жеткен. Бұл жобалар толық іске қосылғанда 122,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Ал 136 жоба (15,44 трлн теңгеге) шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асу үстінде.

Өңірлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нүркімбаевтің айтуынша, облыста өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. Өңір республикада өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі бойынша төртінші (3,09 трлн теңге), өңдеу өнеркәсібі бойынша үшінші орында (1,9 трлн теңге), бұл елдің шикізаттық емес экспорты үлесінің 11,5%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

— Аймақта еліміздегі электр энергиясының үштен бірі, алюминийдің 100%-ы, көмірдің 60%-ы, ферроқорытпаның 56%-ы, отын түрлерінің 32%-ы өндіріледі. 2019 жылдан бері Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы сомасы 93,1 млрд теңгеге 20-дан астам жоба іске асырылды. 690 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобалардың іске асырылуы бұрын шығарылмаған, оның ішінде экспортқа бағдарланған 70-ке жуық жаңа өнім түрлерін өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік берді, -дейді ол.

Мәселен, тікелей инвестициялардың тартылуы нәтижесінде Екібастұздағы «Проммашкомплект» ЖШС-нің өндірістік қуаты жылына 210 мыңнан 300 мың дөңгелекке дейін ұлғайтылды. Кеңейту құны — 8,5 млрд теңге. Кәсіпорынның посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ. Кешеннің ең жаңа технологиясы мен жетілдірілген роботтандырылған технологиялық жабдықтары ең жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Зауыт — қазіргі уақытта темір жолға арналған тұтас дөңгелектер шығаратын жалғыз қазақстандық кәсіпорын.

Бұдан бөлек, Павлодар қаласындағы метил-терт-бутил эфирі мен полипропилен өндіретін зауыт — «Компания Нефтехим LTD» ЖШС республикада алғашқы болып импортты алмастыру үшін эпоксидті қосылыс өндірісін іске қосты. Өндіріс қуаты — жылына 10 000 тонна өнім.

Ал «Стекломир» ЖШС 3 млрд теңгеге жаңа триплекс шыны цехын іске қосты, яғни бұл қосарлана желімделген әйнек түрі. Тәулігіне шамамен 1200-1500 шаршы метр триплекс шынысын шығаратын зауыттың қуаты елімізде ең жоғары саналады. Анықтама үшін айтып өтейік, бұл компанияның Қазақстан бойынша барлығы 9 филиалы және шетелде 2 филиалы бар. Сондай-ақ, компанияда ел нарығындағы жалпы үлестің шамамен 50 пайызын қамтитын 5 зауыт орналасқан. Ең ірісі — Павлодардағы өндіріс орны.

Соңғысы «Қазмұнайхим» ЖШС 2,5 млрд теңгеге реагенттер, қоспалар және басқа да аз тоннажды химия өндірісін іске қосты. Кәсіпорын жылына 30 000 тонна өнім береді. «Қазмұнайхим» Татарстаннан келген «Миррико» компаниялар тобымен ынтымақтасады. Ресейдің мұнай-химиктері Қазақстандағы алғашқы жаңа кәсіпорынның технологиясы мен өнімдерінен зор перспективаларды байқап отырғандарын айтады. Бұл кәсіпорынның келешек дамуы үшін жақсы негіз болмақ.

Фото: primeminister.kz

Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасын іске асыру да («Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» біріктірілгені мәлім) отандық экономикада бірқатар тиімділікті байқатты.

2019-2023 жылдар аралығында бизнестің 142,1 мың жобасына Үкімет субсидия бөліп, кепілдік берді. Осы уақыт ішінде 87 мыңнан астам жоба иелері 4,9 трлн теңге несиелік қарыз алса, мемлекет кәсіпкерлік субъектілері үшін жалпы сомасы 668 млрд теңге болатын кепілдік сомасын төлеген.

2018-2022 жылдар кезеңінде қаржылай қолдаудың әлеуметтік экономикалық тиімділігі айқын байқалды, атап айтқанда, кәсіпкерлер бюджетке 3,3 трлн теңге салық төлеп, 54,1 трлн теңгенің өнімін шығарды. Еңбек нарығында қосымша 341,2 мың жұмыс орны пайда болды.

Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі бес жыл ішінде 28,4%-дан 36,5%-ға ұлғайды. Ал кәсіпкерліктерде жұмыс істейтін тұрғындар саны шамамен 30,3% өсіп, 4,3 млн адамға жетті.

«Даму» қорының ақпараты бойынша «Бизнестің жол картасы» (2010-2022 жж.) және «Қарапайым заттар экономикасы» (2019-2022 жж.) бағдарламасын іске асыру кезеңінде Павлодар облысындағы салық түсімдерінің көлемі 275,3 млрд теңгені құрап, 13,7 мың жұмыс орны құрылған. 42 мың тұрақты жұмыс орны сақталып қалды. Өнім шығару 4 трлн 940,7 млрд теңгеге жетті. Өңірдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі соңғы 5 жылда 0,8%-ға өсті. Дейтұрғанмен орта кәсіпкерліктің үлесі 5 жылда 0,4% төмендегені тіркелді. Мамандар мұны пандемия кезіндегі карантиндік іс-шаралардың әсерімен байланыстырады.

Облыстың ЖІӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың үлесі — 20,04% түрінде сақталып отыр. Осыған қарамастан соңғы жылдары шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 20%-ға көбейіп, бүгінде олардың саны 55 537 бірлікті құрап отыр.

Фото: Kazinform

Отандық экономикадағы сырттан келетін инвестициялық ахуалды одан әрі талдай түссек, жыл сайын шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде кемі 40 жоба іске қосылатынын байқауға болады.

2019-2023 жылдары шетелдіктердің атсалысуымен жалпы сомасы 11,5 млрд доллар болатын 218 жоба өміршең етілген. Жобалардың нәтижесінде 27,7 мың адам екі қолға бір күрек тапты.

Басым салалардағы ірі инвестициялық жобаларға сырттан қаражат тарту мақсатында (60 млн доллардан басталатын жобаларға) елімізде 2011 жылдан бері Инвестициялар туралы келісім күшіне енді.

Құжат отандық экономика үшін маңызға ие инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға айрықша жағдайлар қарастыруға арналған. Ал 2022 жылдан жаңа құрал — Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім пайда болды. Ол отандық салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісім түрі. Оның аясында инвесторлар ұлттық экономикамызға кемі 600 млн доллар инвестиция құюы керек. Ал келісім өз кезегінде тауар өндірушілерге қаржылық ағындарды ұзақ мерзімді жоспарлауға және инвестициялардың қайтарымдылығын болжауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек былтырдан бері жобаларды бақылайтын «прокурорлық сүзгі» жүйесі де бұл жұмыстың нәтижесін арттыруға сеп болуда.

Соңғы жылдар ішінде ұлттық экономикаға инвестиция құйғысы келетін инвесторларға немесе бизнесін өркендетіп, жаңа өнім түрлерін шығаруға бет бұрған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалып отыр. Кәсіпкерлерді рейдерліктен қорғаудың тетігі, бизнес субъектілерінің кіріктірілген дерекқоры жасалды. 

Кәсіпкерлік қызметті «таза беттен» реттеудің жаңа тәсілдері қалыптасып, бизнеске жағымсыз әсер ететін реттеуші құралдарға шектеу қоятын «1 in, 2 out» қағидаты енгізілді.

ҚР Үкіметінің жанынан құрылған Отандық кәсіпкерлер кеңесі де іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында біраз шаруаның басын қайрыды.

Түптеп келгенде, сырттан келетін инвестициялар ағынының ұлғаюы отандық экономиканы дамытуға, жергілікті кәсіпкерлік субъектілерін өз өнімдерін бәсекеге қабілетті етуге ынталандыруға жол ашады.

Бизнес жүргізу шарттарының оңтайлана түсуі мен әкімшілік кедергілердің азаюы келешекте инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсара түсуіне ықпал ететіні сөзсіз.