Шетел инвесторлары кеңесі құрамына 35 ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйым басшылары кіреді. Кеңес жұмысының негізінде еліміздің инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау, инвестициялық ахуалды жақсарту, инвестициялар туралы нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, сондай-ақ, экономиканы әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау, шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері шешімін табуда.
Инвестициялық климатты жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде 35-орынға ие болды. Соңғы 12 жылда Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 243 млрд АҚШ долларын құраған. 2016 жылы 20,6 млрд АҚШ доллары тартылыпты, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Инвесторлар кеңесінің отырысы биыл отызыншы мәрте өтті.
Шетел инвесторлары кеңесі құрылғалы пленарлық отырыстарда шетел инвесторлары үшін елдегі құқықтық режімді жақсарту, Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, шетел жұмыс күшін тарту және салық жүйесін оңтайландыру, Қазақстанның инвестициялық имиджін жақсарту сияқты тағы бірқатар мәселелер талқыланды.
Биылғы жиынға 300-ден астам қазақстандық және шетелдік қатысушы, оның ішінде шетел тарапынан Кеңестің 30 мүшесі мен 2 бақылаушысы, яғни, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компания басшылары, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Кеңес жаңа құраммен толықты Отызыншы отырыс елімізде өтіп жатқан «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен дөп келіп отыр. Сондықтан оның тақырыбы да ЭКСПО-мен үндестіріліп «Жаңа энергетика» деп аталды.
Кеңес отырысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі ашып, жүргізіп отырды. «Биыл кеңестің құрылғанына 19 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін біздің кездесуіміз жақсы дәстүрге айналды. Біз біраз жұмысты бірге атқардық. Сіздер Қазақстан экономикасының қалыптасуына және біз жүргізіп жатқан реформаларды жүзеге асыруға үлкен көмек көрсеттіңіздер. Біздің кездесулеріміз өте өзекті тақырыптар: экономиканы дамытудың мәселелері талқыланатын алаңға айналды. Кеңеске елімізде жұмыс істейтін ірі шетелдік компаниялардың мүшелері кіреді. Жыл өткен сайын олардың қатары жаңарып отыр», деді Елбасы. Мемлекет басшысы одан әрі шетел инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерімен таныстырды. Елбасының айтуынша, Қазақстан тарапынан да кеңеске жаңа мүшелер кірген. «Негізгі тақырыптарды талқыламас бұрын мен сіздерге кеңестің жаңа мүшелерін таныстырғым келеді. Ол Азиялық даму банкінің вице-призиденті Дивакара Гупта, «Моребэни корпарейшин» компаниясының Еуропа, Африка және ТМД мемлекеттері бойынша аға жергілікті атқарушы офицер Наоя Ивашита. Олар зейнетке шыққан әріптестерін алмастырды. Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты Қазақстан тарапынан да кеңеске жаңа мүшелер кірді», деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, жиынға қатысып жатқан азаматтарға алғыс айтып, кеңес отырысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында өтіп жатқанын еске салып өтті. Бұл ретте көрменің Қазақстан үшін маңыздылығын тағы да тілге тиек етті.
Инвестицияға икемді ел Кеңес отырысында инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша Қазақстан қолға алынған жұмыстар жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жан-жақты баяндады.
Дерекке сүйенсек, бүгінде жалпы сомасы шамамен 50 млрд доллар болатын жүзеге асырылып жатқан және қарастырылу барысындағы 147 жобаның тізімі жасақталған. Инвестициялар және даму министрі елімізде құрылып жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына да тоқталды. АХҚО биржасын құру бойынша жұмыс аяқталып жатқанын, жаһандық биржалық көшбасшылар санынан стратегиялық әріптестер айқындалғанын атап өтті.
Жиында сондай-ақ, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сэр Сума Чакрабарти, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазақстандық шетел инвесторлары кеңесі» қауымдастығының Басқарма төрағасы Ульф Вокурка, «GE Oil & Gas» компаниясының президенті Лоренцо Симонелли, «ЭНИ С.п.А.» компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци, Бірлесіп қаржыландыру және жеке сектор операциялары жөніндегі Азия даму банкінің вице-президенті Дивакара Гупта, «ERG S.a.r.l.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич және басқалар сөз сөйледі. Жаңа энергетикаға жол Отырысты Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қорытындылады.