«Облыстардағы әкімдіктердің деректері бойынша биыл 1,58 млн га суармалы жер өңделген. Былтырғы алынған су көлемін ескерсек, 1,58 млн га жерді суару үшін 11,4 млрд текше метр су қажет болады. Оның негізгі үлесі күріш және жем-шөп дақылдарын суаруға пайдаланылады. 1 млн 126 мың га немесе егістіктің 71 пайызы жерүсті әдісімен, 97,9 мың гектары күріш алқаптарына су жіберу арқылы суарылады, сондай-ақ 278,6 мың га алаңда немесе 17,6 пайызында заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады», - деді Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында.
Осы орайда ол су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталды.
«Біріншіден, инвестициялық субсидиялау аясында фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтеледі. Екіншіден, елімізде жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыс іске асырылып жатыр. «Мәселен, израильдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбыр шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машина шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр. Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады. Мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50 пайыздан 85 пайызға дейін сараланған түрде белгіленеді», - деді министр.