Шетел валютасындағы депозиттердің үлесі қай деңгейде төмендегені анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазан айында теңге нығайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазанда валюта нарығы Ұлттық банк операцияларының арқасында тұрақтанды. 31 қазандағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 334,71 теңге болды. Теңгенің бір айдағы нығаюы 1,9 пайызды құрады, жыл басынан  бері әлсіреу шамалы - 0,4 пайыз», - деді ҰБ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қаңтар-қыркүйекте Ұлттық банктің халықаралық резервтері (31 қазанда жаңартылған деректер бойынша) 9,1 пайызға, яғни 32,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Ұлттық қордың валюталық активтері 57,1 млрд. АҚШ долларын, ал ел резервтерінің жалпы сомасы 89,3 млрд АҚШ долларын немесе Жалпы ішкі өнімнің 60 пайызын құрады.

Бұдан бөлек Д. Ақышев долларсыздану үдерісне тоқталды.

«Депозит нарығында долларсыздандыру процестері жалғасуда. Шетел валютасындағы депозиттердің үлесі өткен жылдың қаңтарындағы ең жоғары 70 пайыздан қазіргі кезде 49 пайызға дейін төмендеді. Валюта нарығындағы тұрақтылықтың сақталуы және инфляция деңгейінің төмендеуі ақшаны теңгеде жинақтауға себеп болады», - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен қатар, ол несиелеу нарығында жандану жүріп жатқанын сөз етті. Жыл басынан бері банктер несиелерінің көлемі 13,2 трлн теңгеге дейін, яғни 4 пайызға ұлғайды. Ұлттық валютадағы несиелердің деңгейі 11 пайызға немесе 9,5 трлн теңгеге дейін артты. Несиелер бойынша орташа алынған мөлшерлеме қыркүйекте 14 пайызға дейін төмендеді.