Шетелде демалу құны қанша тұрады

Фото: Kazinform / Pixabay / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Күн жылынған сәттен-ақ қазақстандықтар шетелдегі демалысын жоспарлай бастады. Kazinform агенттігі демалыс турларының құны қанша тұратынын анықтап білді.

Тур бағасын салыстыру кезінде БАӘ, Мысыр, Вьетнам, Түркия мен Тайланд секілді қазақстандықтар жиі таңдайтын бағыттар негізге алынды. Біз бір отбасындағы 4 адамға (ата-анасы мен 1 жастан асқан және 11 жастағы балалары) тур бағасының қанша тұратынын білдік. Тур 7 күнге арналған және оған тамақтану кірмейді. Астана арқылы баруға болатын бағыттар таңдалды.

Турфирма қызметкерлерінің айтуынша, бала 2 жасқа толғанша ата-анасымен бірге тегін саяхаттай алады. Тек ұшақ пен қонақүйде арнайы орын қарастырылмайды. Ұшақ салонында ата-анасының алдында отырады. Бірақ әуекомпаниялары жанар-жағармайға деп ақы алады. Бұл орта есеппен барып, келуге 100 доллардан аспайтын қызмет түрі.

Шетелдік турлар көбіне чертерлік рейстер арқылы жүзеге асады. Сондықтан тур ақысы 2 жастан асқан балаларға ересектермен бірдей болады. Әрі нөмір санатына байланысты тур ақысы өзгеріп отырады. Мәселен, баласы кішкентай отбасы екі адамдық нөмірге жайғасады. Тек нөмірге шағын кереует қойылады. Ол кезде екі адамдық нөмір деп есептеліп, тамақтануды 3 адамға есептейді.

Айтып өтейік, студенттерге және зейнеткерлерге арнайы жеңілдік қарастырылмаған. Турға ұшақ билеттері, қонақүйге жету құны, тамақтану (бәрінде бірдей емес), сақтандыру және қонақүй қызметі кіреді. Өзгесі қосымша қызмет болып есептеледі.

БАӘ
Бір отбасындағы 4 адам Астанадан шұғыл ұшып, БАӘ-не (тамақтану қосылмайды, тур 7 күнге арналған) демалу үшін 661 431 мың теңге төлейді. Тур құны демалыс күндері мен таңғы асты қосқан кезде көтеріледі. Айтып өтейік, БАӘ мейрамханалары мен дәмханаларында тамақтану құны қымбат.

Мысыр
Наурыз айында Мысырға барып 7 күн мен түн демалу құны — 676 077 теңге. Бұл 4 адамға есептелген тур бағасы. Турға тамақтану кірмейді. Ал all inclusive (бәрі қосылған) қызметін қолдансаңыз, тур құны — 744 524 тг.

Вьетнам
Бұл елге саяхаттау құны өзгелерге қарағанда қымбат. Себебі Вьетнам шалғай ел әрі әуе билетінің құны жоғары. Апталық демалыс құны мұнда — 962 660 теңге. Тамақтану үшін қосымша төлеуге тура келеді.

Түркия
Қазақстандықтар Түркияға жиі саяхаттап барады әрі бұл елдің туры сұранысқа ие. Шұғыл жиналып, 7 түнге демалып қайтқыңыз келсе, жол ашық! Таңғы ас тур бағасына кіретін (мұнда көбіне тамақтану тур бағасына кірді, өзгесін табу қиын) 4 адамға (ата-анасы мен екі баласы) арналған демалыс мұнда кем дегенде 856 712 теңге тұрады. Ал сәуір айынан бастап бұл бағыттағы тур құны қамбаттай түседі. Төрт адамға арналған, қызметтің барлық түрі қоса есептелген тур құны 1 232 504 тг болады.

Таиланд
Таиланд та елімізден қашық орналасқан. Сондықтан бұл елде демалу құны өзгеге қарағанда қымбат. Наурыз айындағы бір апталық тур Таиландта 4 адамға кем дегенде 998 220 теңге тұрады.

Барлық бағытты салыстырған кезде, ең қымбаты Таиланд болып шықты. Ал ең арзаны БАӘ, бірақ тамақтану үшін бөлек ақы төлеу керек. Айтып өтейік, жазда шетелдік тур бағасы көтеріледі. Тек алдын ала жоспарлап, тур бағасының бір бөлігін төлеп қоюға болады.

Фото: Kazinform

Айта кетелік Наурыз мерекесі күндері елімізде және шетелде демалу үшін қанша қаржы кететіні туралы жазған едік.