Шетелде білім алып жүрген Қазақстан азаматтары еліміздің салық резиденті болып қала береді. Алайда бұл олардың барлығы декларация тапсыруға міндетті деген сөз емес.
Студент декларацияны мына жағдайлардың кемінде бірі болғанда тапсыруы керек:
— 2025 жылғы 31 желтоқсанда шетелдік банктердегі шоттарында жалпы сомасы 1 000 АЕК-ден, яғни 3,9 млн теңгеден асатын қаражат болса;
— шетелде тіркелген мүлкі болса. Оған жылжымайтын мүлік, көлік, бизнестегі үлес, бағалы қағаздар мен цифрлық активтер жатады;
— құны 20 мың АЕК-ден, яғни 78,6 млн теңгеден асатын актив сатып алса.
Шетелдік университеттің стипендиясына салық салына ма
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңін енгізу тоқтатылды. Соның нәтижесінде бұрын осы кезеңде декларация тапсыруы тиіс болған азаматтардың басым бөлігі, соның ішінде студенттердің көбі бұл міндеттен босатылды.
Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, шетелдік жоғары оқу орындары беретін стипендиялар мен гранттарға жеке табыс салығы салынбайды.
Сонымен бірге мемлекеттік кірістер органдары шетелдегі банк шоттары туралы ақпаратты жасырмауға шақырады. Қазақстан халықаралық автоматты ақпарат алмасу жүйесі арқылы азаматтардың шетелдегі қаржы шоттары жөніндегі мәліметтерді тұрақты түрде алып отырады.
Декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері 15-тен 30 АЕК-кіге дейін жетуі мүмкін.
Декларацияны электронды түрде Салық төлеушінің кабинеті немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жеке мүдделер туралы декларацияны кім және қашан толтыруы керектігі хабарланды.