Шетелде оқитын студенттер табысы үшін декларация тапсырмаса, қанша айыппұл салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан азаматтары былтыр тапқан табысы үшін декларацияны биыл 15 қыркүйекке дейін тапсыруға тиіс еді. Мұндай талаптан шетелде оқитын студенттер де босатылмайды. Ал декларацияны тапсырмаса, не кешіктірсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Фото: Kazinform

Бұл жөнінде ресми сауалымызға жолдаған жауабында ҚР Қаржы  министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.

Комитет мәліметінше, шетелдерде оқу, тағылымдамадан немесе тәжірибеден өту кезеңінде Қазақстан азаматы резидент деп саналады. Ал шетелде жүрген резидент салықтан босатылмайды.

Еске салайық, бұған дейін шетелде оқитын студент декларацияны мына жағдайларда тапсыруы керегін жазғанбыз:

  • 2025 жылғы 31 желтоқсанда шетелдік банктердегі шоттарында жалпы сомасы 1 000 АЕК-ден, яғни 3,9 млн теңгеден асатын қаражат болса;
  • шетелде тіркелген мүлкі болса. Оған жылжымайтын мүлік, көлік, бизнестегі үлес, бағалы қағаздар мен цифрлық активтер жатады;
  • құны 20 мың АЕК-ден, яғни 78,6 млн теңгеден асатын актив сатып алса.

Бұл жағдайлардың бірі болса, шетелде білім алып жатқан қазақстандық студент ел қатарлы 15 қыркүйекке дейін декларация тапсыруы тиіс еді.

Ал тапсырмағандарға не кешіктіргендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

— Декларацияны белгіленген мерзімнен кейін ұсыну салық есептілігін уақытылы ұсынбау болып есептеледі. Ондай жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабы 1-бөлігіне сай, ескерту беріледі. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан осы құқық бұзушылық жасалса, ӘҚБтК-нің 272-бабы 2-бөлігіне сәйкес, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Айта кететін жайт — декларацияны тапсырудың белгіленген мерзімі өтіп кетсе де, азаматтар кешігіп болсын декларация тапсыруға құқылы. Демек, «уақыты өтіп кетті, енді тапсырмай-ақ қойсам да болады» деп жайбарақаттыққа салыну әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін «Шетелдік университеттің стипендиясына салық салына ма?» деген сұраққа жауапты жариялағанбыз.