Шетелде танымал қазақстандық суретшілер Астанаға жиналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелде танымал болған қазақстандық суретшілер Астанаға келді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Astana Art Show шарасының өткізілуіне қатысты өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Astana Art Show заманауи Қазақстанның Бейнелеу өнері Халықаралық Биенналесінің негізгі шарасы болып отыр және оның аясында 15 қыркүйек пен 28 қазан аралығында үш көрме өтеді. Бұл көрмелер осындай форматта алғаш рет ұйымдастырылуда.

Astana Art Show кураторы Дина Байтасованың сөзіне қарағанда, бұл ауқымды жобаға дайындық шаралары жарты жыл бойы жүргізілді. Соңғы екі аптада Астанаға әлем елдерінен 50-ге жуық суретші жиналып жатыр. Аталған үш көрменің біріншісі, яғни «Metamorphosis» тақырыбымен ұсынылған бұл шара 15 қыркүйекте ашылады. Жоба қатысушылары ретінде шетелде есімдері танымал болған қазақстандық жас суретшілер қамтылған. 21 суретші халықаралық ірі көрмелерге қатысқан және шоуға арнайы дайындалған еңбектерін ұсынады.

«Осында шақырылған суретшілердің көбі шетелде тұрып жатыр. Олар шет мемлекеттерде өздерінің жұмыстарын табысты іске асырып жатқан қандастарымыз. Атап айтқанда, бұл дарынды адамдардың еңбектері әлем елдерінде сұранысқа ие», - деді Д. Байтасова.

Суреттер мен инсталляциаларды келушілер TSE Art Destination галереясында және оның айналасында тамашалай алады.

Бұдан бөлек, бір аптадан кейін Орталық Азия елдері мен Қазақстанның 16 жас суретшісінің шығармашылығына арналған «Қайта жүктеу. Кеңістікті оңтайландыру» атты екінші көрме өтеді.

Сонымен қатар, Еуропалық Одақтың ұйымдастыруымен «The Ghost Expedition» атты үшінші көрме ашылады. Жоба аясында қазақстандық және еуропалық суретшілер тобы Маңғыстау облысының киелі орындарын зерттеу барысында көркем жұмыстарының нәтижелерін ұсынады.



Фото: www.ortcom.kz