Конкурсқа шетелдегі БАҚ-та ресми жұмыс істейтін қазақ журналистері мен шетелде тіркелген қазақтілді басылымдар қатысты. Өтінімдер 13-29 қазан аралығында онлайн форматта қабылданды. «Үздік БАҚ», «Үздік журналист», «Үздік жас журналист» номинацияларына 20-ға жуық өтінім түскен.
Жұмыстарды Turkistan, Aiqyn, EgemenQazaqstan, AstanaAqshamy және «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының өкілдерінен тұратын қазылар алқасы бағалады.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз атанғандар:
«Үздік БАҚ» — Баян-Өлгий аймақтық Бұқаралық қазақ радиосы (Моңғолия). 60 жылдық тарихы бар радио 2025 жылы «Баян-Өлгий аймағының үздік мекемесі» сыйлығын алған.
«Үздік журналист» — Жұлдыз Жұмағұлқызы (Моңғолия). Баян-Өлгий аймағындағы қазақ тілінде хабар тарататын «Дербес» телеарнасының журналисі.
«Үздік жас журналист» — Бекболат Мұхтаров (Өзбекстан). Еңбек жолын 2021 жылы «Нұрлы жол» газетінде тілші болып бастады, 2024 жылы «Ұлт.kz» ақпараттық порталында еңбек етті. 2026 жылдың ақпанынан бері қайтадан «Нұрлы жол» газетінің тілшісі.
Жеңімпаз Жұлдыз Жұмағұлқызы журналистика саласында 15 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол байқау жөнінде өз пікірін білдіре кетті.
— Ең алдымен, шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдарының өкілдеріне қолдау көрсетіп, олардың еңбегін елеп-ескеріп, кәсіби қызметіне лайықты бағасын беріп отырған «Отандастар» қорына шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Мен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Дербес телеарнасында журналистика саласында 15 жылдан бері қызмет істеп келемін.
Біздің телеарнаның негізгі мақсаты, Моңғолияда өмір сүріп жатқан қазақ ағайындарға ана тілінде ақпарат тарату, туған тілінің қадір-қасиетін сақтауға, ұлттық болмысы мен рухани құндылықтарын ұмытпауға өз үлесін қосу. Өйткені тіл — ұлттың жаны, халықтың рухани тірегі. Ал сол тілімізде ақпарат алып, жаңалықпен сусындау — әрбір қазақ үшін үлкен мүмкіндік әрі қажеттілік, — дейді ол.
Дербес телеарнасы тек жаңалықтар таратумен шектелмейді. Біз көрермендерімізге рухани-танымдық бағдарламалар, еркін сұхбаттар, ағартушылық бағыттағы хабарлар ұсынып, білім, мәдениет, тәрбие және денсаулық тақырыптарын да кеңінен қамтуға тырысамыз.
Жұлдыз Жұмағұлқызы қазақ тіліндегі әрбір эфир, әрбір бағдарлама, әрбір жаңалық–ұрпақтар арасындағы тілдік байланысты жалғап тұрған алтын көпір екенін атап өтті.
— Бүгінгі ұрпақ өз ана тілінде сөйлеп, оқып, ақпарат алып өссе, ертеңгі күні де ұлттық болмысымыздың сақталатынына сенеміз. Мұндай қолдау мен марапат біздің күнделікті еңбегімізге берілген баға ғана емес, шетелдегі қазақ журналистикасына көрсетілген құрмет пен сенімнің белгісі. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастың нығая түсуіне тілектеспін, — дейді Жұлдыз Жұмағұлқызы.
Жеңімпаздар 13-16 қараша Шымкент және Түркістан қалаларында өтетін «Киелі Қазақстан» жобасы барысында марапатталады. Әр номинация жеңімпазына бағалы сыйлық табысталады.
Айта кетелік «Тұмар» мен «Үркер» сыйлығының жеңімпаздары анықталған еді.