Оның сөзіне қарағанда, аталған заң жобасын қабылдау кезінде Мәжілістегі барлық саяси партиялардың фракциялары, бірмандатты округтерден сайланған депутаттар құжат жобасын мақұлдайтындарын айтып, ұсынылған тұжырымдарды толығымен қолдаған. Кейін Мәжіліс қабылдаған заңды Сенат та мақұлдағаны белгілі.
Дегенмен, Снежана Имашеваның айтуынша, Парламентке кейбір сарапшылар мен заңгерлерден, конституция мамандарынан қабылданатын заңның Атазаңға сәйкестігін тексеру қажеттігі туралы өтінім түскен.
«Президент заңға қол қоймай тұрып оның Ата заңға сәйкестігін тексерту үшін Конституциялық сотқа жүгінді. Кеше Конституциялық сот оны Ата заңға сай деп танып, нормативтік қаулы шығарды», - деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Депутат елімізде ат төбеліндей топтың жердің үсті мен астындағы байлықты өзара еншілеп алғанын, соның ықпалымен экономикада, саясатта үстемдік құрып келгенін, ал қалған халық үлкен табыс таппақ түгіл, жайлы тұрмысқа зар болып отырғанын айтады.
«Әрине, бай болуға ешкім тыйым салған жоқ. Әлемнің кез келген елінде шексіз бай да, шекіз кедей де бар шығар. Өз дәулетін ақылы мен білімінің, тынымсыз еңбектің арқасында еселеп жатқандарға ешқандай сұрақ жоқ. Ал қолындағы қызметінің, жоғары лауазым иелерімен таныстығының, әкімшілік ресурстардың, ауыз жаласқан жемқорлықтың арқасында капитал иемденгендерге иемденгендерге сұрақ туындауы әділетті. Олар қолындағы байлықтың қайдан келгенін, қандай жолмен келгенін дәлелдеу керек. Заңның басты мақсаты қалай орындалатынын уақыт көрсетер. Құқықтық негіз керек еді – жасалды. Қажет болса толықтырылады», - дейді Мәділіс депутаты.
Снежанна Имашева заңсыз алынған активті қылмыстық істен тыс тәркілеудің әлемдік тәжірибеде бар тәсілін ұлттық заңнамаға енгізетінін айтады.
Бұл жерде «ерікті қайтару» және «азаматтық мәжбүрлеп қайтару» құралдары қолданылады. Әуелі активінің сомасы 100 млн доллардан асатын адамдардың капиталының заңдылығы тексеріледі. Бұл тұлғаларды Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттарынан, қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған арнайы комиссия тізімге алады. Тізімге енген адамдар капиталының заңдылығын ашып көрсету керек деген сөз. Заңдылығын дәлелдеу үшін тиісті декларация тапсырады. Заңсыз активтерді іздеу мен қайтару ісі Бас прокуратураның жанынан құрылатын комитетке жүктеледі. Қайтарылған активтер қорға аударылып, әрі қарай қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталады.
«Бас прокуратура жанындағы заңсыз активтерді қайтаратын комитеті қолда бар қаражаттан қаржыландырады. Бұдан бөлек балама жолы да көзделген. Қажет болған жағдайда комитет жұмысына алғашқы лекпен қайтарылған қаражат та жұмсалуы мүмкін», - дейді Снежана Имашева.