«Қазақтар тығыз орналасып, тұрып жатқан шет елдерде экономикалық дағдарыс болса, күнкөріс әбден төмендеп, қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігіне қауіп төнсе немесе табиғи апаттар орын алса, этникааралық қақтығыстар орын алса қалай болады? Мұндай жағдайда этникалық қазақтар өздерінің тарихи Отаны Қазақстанға ағылуы әбден мүмкін. Олардың барар басқа жері жоқ. «Жаман айтпай жақсы жоқ», осындай жағдай туса біз этникалық қазақтарды қалай қабылдаймыз? Оларға «алдымен оралман мәртебесін алуың керек» деп кеудесінен кері итереміз бе? Жоқ әлде оларды тұтастай қабылдауға Қазақстанның тәртібі бола ма? Осыны заң жобасында қарастыруға тиіспіз», - деді Алдан Смайыл. Оның айтуынша, шетелде тұрып жатқан қазақтардың басына күн туса оларды Қазақстанда қабылдаудың жүйесі заң арқылы көрініс табуы шарт.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов заң жобасымен жұмыс барысында аталған мәселені қарастыруға болатынын атап өтті.