«Шетелдегі қандас отанына оралуы үшін «этникалық қазақ» екенін дәлелдеуі керек болады» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Алаш айнасы» газетінде «Шетелдегі қандас отанына оралуы үшін «этникалық қазақ» екенін дәлелдеуі керек болады» деген тақырыппен жарық көрген мақалаға кешегі Мәжілістің дәстүрлі сәрсенбілік отырысында депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаған «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа редакциядағы заң жобасы арқау болған. «Көші-қон үдерісін реттеуге арналған осынау құжат саладағы келеңсіз салдарды азайтуға, атамекеніне оралғысы келетін қандастарымыздың жұмысын жеңілдетуге бағытталғандай», - деп жазады басылым.
Үкіметтің кешегі селекторлық отырысының негізгі арқауы егістік мәселесіне арналды. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінде «Шаруалар егіс науқанына дайын» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, республиканың барлық аумақтары көктемгі егін жұмыстарына сақадай-сай отыр. «Бүгінгі таңда егіс науқанына қолда бар техниканың 93 пайызы дайын. Батыс аумақтарынан басқа барлық облыстар егістікке қажетті тұқыммен толықтай қамтамасыз етілді. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы тұқым тапшылығын реттеу үшін мемлекеттік қордан 50 мың тонна тұқым бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл мәселе де жақын күндері шешіледі», - дейді ол.
***
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Киевте өткен ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық пайдалану мәселелері жөніндегі саммит шеңберінде Украина президенті Виктор Януковичпен, сондай-ақ Киев саммиті аясында Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен де кездесті», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Ынтымақтастыққа ықпал ететін кездесу» атты мақаласында. Саммитте сөз алған Елбасы: «Қазақстан жерінде әлемдегі ең үлкен Семей ядролық сынақ полигоны болған. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы онда 456 ядролық жарылыс жасалды, оның әрекет ету жиынтығы 116 Чернобыльға тең саналады. Әлемдік қоғамдастық осы қорқынышты трагедияға әлі күнге дейін бағасын берген жоқ. Бұл сынақтардың салдарлары әлі де ұзақ уақыт сезілетін болады», - деп атап өткен.
Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша азаматтарды келе жатқан Бірлік күнімен құттықтай отырып: «Биыл 1 мамырды біз жаңа форматта атап өтетін боламыз», - деп мәлімдеген еді. Осыған орай «Айқын» газетінде Бірлік күнінің жаңаша сипаты туралы депутаттар мен сарапшылар ой толғапты. Ел азаматтарының пікірін білгіңіз келсе, «1 мамыр қалай тойлануы керек?» деген тақырыпқа көз жүгіртіңіз.
***
«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, Астана қаласының балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің аумағында республикада теңдесі жоқ қысқы жылыжай ашылды. Бұл жоба «Эксон Мобил» компаниясының демеушілік қолдауының арқасында жүзеге асқан. Онгда жыл сайын аталған мекемедегі ойлау қабілеттерінің ауытқуы бар 40-қа жуық бала еңбек дағдыларын дамыта алады. Мақала «Жұмысқа баулитын жылыжай» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Балтийский вектор взаимных интересов» деген тақырыптағы мақалада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Эстония Республикасындағы мемлекеттік сапары жайында кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, қарсы алудың ресми рәсімі барысында Президенттер Н.Назарбаев пен Т.Ильвес бірге суретке түсіп, сыйлықтар алмасты. Н.Назарбаев Құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды. «Бүгін біз Президент Ильвес мырзамен бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Онда жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылу бекітілген. Біз Эстонияның Астанада өз елшілігін ашу шешіміне қуаныштымыз», - деді Елбасы Н.Назарбаев.