АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Астанада шетелдік қандастарымызға арналған «Алтын қазық» тіл үйрету оқу-әдістемелік кешені жарық көрді.
Жоба «Тіл үйрету орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның аясында таныстырылды.
Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған оқу-әдістемелік кешені тілдерді үйретудің алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибесіне негізделіп отыр. Оған оқу құралдарын, жұмыс дәптерлері, электрондық оқу құралы, дидактикалық бейнелі материалдар кіреді. Тапсырмалар қазақ және орыс тілдерінде берілген.
Танымдық материал ретінде қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, тұрмыс-тіршілігі, табиғи құбылыстары, ұлттық тәрбиенің ерекшеліктері туралы мәліметтер, сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан туралы мәліметтер беріліп отыр.