***
«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «Беларусьті Қазақстан мұнайы қызықтырады» деген тақырыппен мақала жариялады. Мақалаға елімізге ресми сапармен келген Беларусь президенті Александар Лукашенко мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі барысында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекеттің экономикалық салалардағы мүдделестігіне арнайы тоқталды. Қазақстан Президенті атап өткендей, біздің еліміз шикізатқа бай, ауыл шаруашылығы дамытылған. Ал Беларусьте мәшине жасау, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу салалары жақсы дамыған. Қазақстанда 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленген. Қазіргі кезде осы бағдарламаға сәйкес, оның 2014 жылға дейінгі алғашқы бесжылдыққа арналған жұмыстары қолға алынып жатыр. Оған Қазақстан мен Беларусь арасындағы уағдаластықтың барлығы кіргізілген. Оларды жүзеге асыру екі елге де пайдалы.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Румынияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Емил Рапчамен кездесті. Кездесуде тараптар әлемдік қаржы дағдарысының әсеріне қарамастан, екі ел арасындағы экономикалық байланыс бәсеңдемей, қайта қарқын алғандығын айтқан. Айталық, 2009 жылы Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда айналымы 878 млн. АҚШ доллары көлемінде болған еді. Ал 2010 жылғы көрсеткіш 1,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Үстіміздегі жылдың алғашқы айлары да оң нәтиже беріп отыр. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық байланыстың қарқын алып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Мақала «Байланыс қарқыны бәсеңдеген жоқ» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Жер басып алу-заңсыз». «Айқын» басылымы бүгінгі санында осындай тақырыппен жарық көрген мақалада Алматы облысының Қарасай және Талғар аудандарында жеке және заңды тұлғаларға тиесілі жерлерді өз беттерінше басып алу деректері жиілеп кеткендігі айтылады. Тіпті адамдардың өздеріне тиесілі емес жерлерді заңсыз ашық әрі жаппай түрде алып алуға қатысты оқиғалар да көрініс бере бастады. Сонымен бірге мұндай әрекеттер жекелеген азаматтардың нақты бұзақылық әрекеттерімен және қоғамдық тәртіптің бұзылуымен өріс алатындығы да көрініс беруде.
Сондай-ақ аталмыш басылымда «Түлектердің 81 пайызы ҰБТ тапсырады» деген тақырыппен басылды. Басылымның жазуынша, кеше Астанада өткен баспасөз мәсслихатында Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев биыл ҰБТ-ға қатысуға ынта білдіргендердің артқанын жеткізген. Егер 2005 жылы елімізде ҰБТ-ға қатысқысы келген балалар саны 84 пайызды құраса, 2010 жылы ол 78 пайызға дейін түсіп кеткен екен. «Ал биылғы 129 мың мектеп түлегі, яғни жалпы түлектердің 81 пайызы ҰБТ тапсыруға ниетті екендіктерін білдірді» дейді вице-министр. Сондай-ақ оның оның айтуынша, ҰБТ-ның барлық пәндері бойынша тест тапсырмаларына өзгерістер енгізілді. Яғни бірінші қиындық деңгейіндегі тест тапсырмаларының саны 9-дан 6-ға дейін қысқарып, екінші қиындық деңгейіндегі тапсырмалар 10-нан 13-ке дейін көбейді. Ал үшінші қиындық деңгейіндегі тест тапсырмалары өзгеріссіз қалды.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, ел Үкіметі азық-түлік нарығындағы бағаны нарық тетіктерін қолдана отырып, реттеудің кешенді шараларын әзірлеп, оны кешегі өткен селекторлық мәжілісте таныстырды. «Бірден айтайық, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзге мемлекеттік органдармен келісе отырып, пішкен осы кешенді шаралар топтамасында азық-түлік бағасына тікелей әсер ететін отандық өндірушілерге, сондай-ақ қарапайым халыққа қатысты бірқатар жақсы жаңалықтар қамтылыпты»,-делінген «Азық-түлік бағасын реттеудің үш бағыты» деген тақырыппен берілген мақалада.
Бүгін Астанада Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы басталады. Осыған қарай «Алаш айнасы» басылымында басылған «Шетелдегі қазақтарды көшіріп әкелу - стратегиялық мақсат» деген мақалада шет жақта жүрген қандастарды елге көшіруге қатысты қалыптасқан мәселелер туралы айтылған. Басылымның жазуынша, қазіргі таңда елімізде көші-қон мәселесінде кедергілер өте көп. «Ілгеріде Көші-қон полициясы басқармасы шеттен келген қазақтарға виза созу, тұрақты тіркеу, азаматтыққа құжат өткізу сияқты жеңілдіктер қарастырса, қазір бұл жеңілдіктер тоқтап қалған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев өзінің бір сұхбатында «ағайынның атажұртқа келуінің азаюындағы бір себеп көші-қон саласындағы жалған мәліметтер мен жемқорлықтың асқындауы болып отыр. Тағы бір себебі - көші-қонды ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығы», -дейді»,- делінген мақалада.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Алматы облысының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығында энергияны үнемдеу принциптерін енгізу қажет болып тұр. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Жылқайдаровтың айтуынша, қалалар мен аудандардың әкімдіктері күзгі және қысқы жылыту маусымына дайындық шараларына жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Өз кезегінде қалыптасқан жағдай еліміздің жылу беретін энергия ресурстарын ысырап етіп отыр. Бүгінде аймақтағы жайлы тұрғын үй қорының 73 пайызы ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді. Өйткені аталмыш тұрғын үйлердегі жылу шығыны белгіленген шектен әлдеқайда көп асып кеткен. Сарапшылардың мәліметтерінше, 40 пайыз жылу энергиясы далаға кетіп жатыр. Мақала «Коммунальный перерасход» деген тақырыппен беріліп отыр.