Шетелдегі қазақ журналистеріне арналған тағылымдама "Егемен Қазақстан академиясы" жобасы аясында жүргізіледі.
"Биыл "Егемен Қазақстан академиясы" атты кең ауқымды жобаны жүзеге асыруды бастаймыз. Егемен Қазақстан академиясы шетелдегі, соның ішінде Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі қазақ журналистеріне арнайы семинарлар курсын ұйымдастыру, жергілікті журналистерді ағылшын тілінде ақпарат тарату бойынша тағылымдамадан өткізу, журналистика факультеттері студенттерінің кәсіби шыңдалуына мүмкіндік жасау, өңірлік және салалық баспасөз құралдарына ақпараттық-әдістемелік және консультативтік-тренингтік қолдау көрсету сынды бағыттарда жұмыс істейді", - деп мәлімдеді "Егемен Қазақстан" АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Моңғолиядағы қазақтілді журналистер наурыз айында Астанаға тағылымдамадан өтуге келеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биылғы наурыз айынан бастап "Егемен Қазақстан" газетінің атауы латын әліпбиіне ауыстырылады. Сондай-ақ басылымның күнделікті 12 беті 16-ға артып, жаңа қосымшалармен аптасына бір рет 24 бетпен шығатын болады.