Шетелдегі сайлау учаскелеріндегі дауыс беру құжаттары 48 сағатта елордаға жеткізіледі - ҚР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдегі сайлау учаскелеріндегі дауыс беру құжаттары 48 сағатта елордаға жеткізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті.

«Шетелде сайлауды ұйымдастыру мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігі тарабынан сәйкесінше штаб құрылған. Бұл күндері ол күндіз-түні жұмыс істеуде. Штаб пен Сыртқы істер министрлігі қарайтын Есіл аудандық сайлау комиссиясы арасында жұмыс бабындағы байланысы орнатылған және шетелдегі сайлау учаскелерінің дауыс беру құжаттары сол учаскеге жеткізіледі», - деді Р.Василенко.

Оның атап өтуінше, сайлау учаскесі ашылмаған елдерде жүрген Қазақстан азаматтары көрші мемлекеттердегі сайлау учаскелеріне келіп дауыс бере алады.

«Сайлау учаскелерінде қорытынды шығарылғаннан кейін СІМ қызметкерлері бюллетендерді жәшігімен және басқа да сайлауға қатысты өнімдерді алып, 48 сағаттың ішінде оны Есіл аудандық сайлау комиссиясына табыстау үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне жеткізуі тиіс», - деді Р.Василенко.