Шетелден әкелінген 475 көлікті заңсыз тіркеген ХҚО-лар ісін тергеу аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шетелден әкелінген 500-ге жуық көлікті заңсыз тіркеген Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері мен полицейлерге қатысты істі тергеу аяқталды. ҚазАқпарат бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпарат жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді.

Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді.

Барлығы 30 адам қылмыс жасады деп күдіктелуде. Олардың қатарында Астана қаласы бойынша № 2 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр», - делінген хабарламада.

Антикор еске салып өткендей, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенше күдіктілер кінәсіз болып табылады. Сондай-ақ азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырды.