Шетелден инвестиция тарту бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр
«Сыртқы істер министрлігінің инвестицияларды тарту жөніндегі жемісті жұмысының қорытындылары жақында ЮНКТАД-ның 2023 жылғы Әлемдік инвестициялар туралы баяндамасында көрсетілді. Теңізге шыға алмайтын 32 дамушы елге тартылған тікелей шетелдік инвестиция бойынша 6%-ға өсім байқалады. Олардың ішінде ең үлкен көлем Қазақстанға тиесілі. Сондай-ақ Қазақстан посткеңестік кеңістіктің 15 елі арасында және Орталық Азияда 61% үлеспен инвестиция тарту бойынша жетекші орынға ие болды. Бұл ретте, Өзбекстан - 2,5 млрд доллар, Литва - 2,2 млрд доллар, Беларусь - 1,6 млрд доллар, Латвия - 1,5 млрд доллар, Эстония - 1,2 млрд доллар, Түрікменстан - 936 млн доллар, Украина - 848 млн доллар инвестиция тартқан», - деді министрдің орынбасары.
Оның сөзінше, былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 28 млрд долларға жеткен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштерден 17,7%-ға артық. Алмас Айдаровтың айтуынша, аталған меже кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Яғни, соңғы рет ең көп инвестиция 2012 жылы тартылған. Онда қаражаттың жалпы көлемі 28,9 млрд доллар болған еді.